Әлемде екі контурлы АЭС-терде бір оқыс оқиға болған емес – сарапшы

366

АЭС салынған жағдайда шамамен қанша адам жұмыспен қамтылуы мүмкін екені белгілі болды. 

Әлемде екі контурлы АЭС-терде бір оқыс оқиға болған емес – сарапшы

Қазақстанда атом электр станциясы толыққанды жұмыс істеуіне 2 мың маман қажет болады. Бұл туралы Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қызылорда облысы, Түркістан облысы, Шымкент қаласы, Жамбыл облысы, Алматы қаласы, Алматы облысы, Жетісу облысы – осы жеті аймақта Қазақстан халқының жартысы тұрады. Бұл жаққа электр энергиясы бізге оңтүстіктен келеді. Солтүстік бөлігінде электр энергиясы жетпей жатса, онда Ресейден келеді. Осы электр жүйесі тұйықталады. Яғни, егер оңтүстікте электр энергиясы жетпей жатса, онда солтүстіктен тасымалдай бастайды. Тоқсан жолдың торабы – Үлкен ауылында тұр. 1980 жылдары Кеңес одағында станция салынады деген жоспар болған. Бұл жер бостан босқа таңдалып отырған жоқ. Оның себебі солтүстіктен келетін электр энергиясының қажетін ол өтейді де, сонда солтүстік өзін-өзі қамтиды, ал бұл оңтүстікті қамтиды", - деп түсіндірді сарапшы.

АЭС салуға қанша уақыт кетуі мүмкін?

"Егер биыл референдумда қолдау табатын болса, біздің жоспарымыз бойынша ол 2035 жылы екі блок салынып, Қазақстанның экономикасына 2400-2800 мегаватт электр энергиясын беруі қажет. Ешкім неге екі блок қажет деп сұраған жоқ. Егер бір ғана блок салатын болса, оның орнын ауыстыру үшін 1-2 айдай кетеді. Сол кезде екінші блок электр энергиясын беріп тұрады. Сондықтан АЭС салған кезде кемінде екі блоктан құралады", - деді ол.

Спикерден егер де реактор немесе АЭС жұмысында ақау шықса, кім жауап беретінін сұрадық.

"Келісімшартта технологияны әкеліп салған компания жауапты болады. Мамандарды даярлау екіжақты болады, мысалы жоғары біліммен дайындау үшін төрт жыл керек. Оның ішінде үш жыл өзімізде дайындаймыз да, бір жыл шетелде дайындайды. Біздің кадрлар әлемдік деңгейден кем емес", - деді Саябек Сахиев.

Оның сөзінше, АЭС салынған жағдайда оның құрылысында кем дегенде 8 мың адам болады.

"Мысалы, Түркияда салынып жатқан АЭС-та бір күнде 15 мың адам жұмыс істеп отыр. Бізде Қазақстанда екі блок болса, кемінде 8 мың адам жұмыс істейді. Құрылыс бір бөлек, ал АЭС-ты әрі қарай жүзеге асыру бір басқа. Атом саласының мамандары біздің базада даярланады, соңғы жылын қай компания жеңіп алады, сол елде барып үйренеді", - деді Ядролық физика институтының бас директоры.

Қазақстан АЭС-ке қажет уран таблеткаларымен өзін қамти ала ма?

"Сіздерге тағы бір ақпарат айтайын. Мысалы, Түркияда және Беларусьте екі атом электр станциясы салынып жатыр. Құрылысқа "Росатом" жауапты. Бірінің отыны екіншісіне келмейді. Бұл жанармай станциясы сияқты кез келген көлікке келе бермейді. Бұл қауіпсіздік мақсатында жасалған шара. Мәселен, (Өскемендегі Үлбі зауытынан шығарылатын) отын тек қана Қытайдың АЭС-ына арналған. АЭС-ке байланысты жеңіп алған компанияға қойылатын шарттың біреуі – бірінші отынды өздеріңіз әкеліп саласыздар, ол 2-3 жыл энергия бөледі. Екінші және одан кейінгі отынды Қазақстанда өндіру керек деп отырмыз", - деді спикер. 

Сарапшы, ядролық физика 1938 жылы физикадан бөлінгенін еске салды. 

"Өкінішке қарай, 1945 жылы соғыс мақсатында атом бомбалары жарылды, 1950 жылдардың ортасында алғашқы атом электр станциясы пайда болды. Содан бері қазақстандықтар әлі айыра алмайды. Семей полигонында ол бомбылар, яғни уран-235-ті 95 пайызға дейін байыту керек, ал атом электр станциясында отын 4,5 пайыз ғана байытылады. Сондықтан АЭС бомба сияқты ешқашан жарылмайды. Екінші мәселе Фукусима мен Чернобыльде бір контурлы АЭС болды. АЭС-тың түрлері өте көп. Әлемдегі 415 АЭС-тың 200-ден астамы екі контурлы. Екі контурлы атом электр станцияларында авария тұрмақ, бір оқыс оқиға болған емес", - деді Саябек Сахиев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу