Әлемде тұтынушылар 5G мен 4G арасындағы айырмашылықты байқамаған – зерттеу

1256

Бизнес ұялы байланыстың жаңа буынын енгізуге қаржы құйғанымен ол өзін ақтамауы мүмкін.

Әлемде тұтынушылар 5G мен 4G арасындағы айырмашылықты байқамаған – зерттеу

Жаһандағы тұтынушылар 5G мен 4G арасындағы айырмашылықты байқамаған, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы finprom.kz-ке сілтеме жасап.

Соңғы жылдары әлемде ұялы байланыстың жаңа буыны 5G енгізіліп жатыр. Бұл технологияның бірқатар артықшылығы бар: 
жылдамдық, минималды кідіріс, ал жоғары өткізу қабілеті бір шаршы шақырымға көптеген құрылғыға қосылуға мүмкіндік береді.

Алайда 5G-дің кемшіліктері де бар. Біріншіден, аталған технологияны енгізу өте қымбат, яғни 4G енгізуден екі есе қымбат.

Bloomberg дерегінше, америкалық операторлардың 5G технологиясының радио толқындарына жұмсаған сомасы – 118,4 млрд доллар, ал 4G технологиясын енгізуге жұмсалған сома – 61,8 млрд доллар. Қажет инфрақұрылымды енгізу де қомақты қаражатты талап етеді.

Екіншіден, бизнес бұл салаға құйған қаражатын қайтара ала ма деген мәселе бар. 5G-ді енгізу мемлекет қаражатынан емес, тек ұялы байланыс операторлары есебінен жүргізілетіні анық. Алайда жеке сектор инвестиция өзін толық ақтамаса, бұл салаға қаржы салуы екіталай. Мысалы, АҚШ-та 3 ірі америкалық оператор 5G эфиріне және желіні жаңартуға 100 млрд доллар жұмсаған, бірақ пайда таппаған. Сонымен қатар тұтынушылар ешқандай өзгерісті байқамаған.

Әлемдегі операторлар 5G технологиясын енгізуге қомақты қаражат жұмсағанына қарамастан айырмашылықты көрмеген. Мысалы, Deloitte-дің Ирландияда 5G енгізу туралы есебінде бүгінде тұтынушыларға 4G, 4G+ және Wi-Fi қосылу жеткілікті екені жазылған. 2021 жылы жүргізген Deloitte сауалнамасында сұраққа жауап бергендердің 54% 4G және 5G арасындағы айырмашылық байқамағанын айтқан. 

Тұтынушылар үшін смартфонда төмендегі функциялар өте маңызды:

  • батареяның қызмет ету мерзімі;
  • сақтау сыйымдылығы;
  • камераның функционалдығы мен сапасы.

5G-ге қатысты зерттеу Ұлыбританияда жүргізілген, оның нәтижесі жоғарыдағы зерттеуге ұқсас болған. Бұдан қарапайым тұтынушыға 5G енгізу тиімсіз екенін көруге болады. Осындай жобаны іске асыру үшін қомақты қаражат керек, әрі олар өзін ақтауы шарт. 5G енгізілген соң байланыс операторлары тарифтерді көтеруге, ал адамдар смартфондарды ауыстыруға мәжбүр болады. 

Сонымен қатар Қазақстанда мобильді интернеттің жылдамдығы да артып келеді. Қолданыстағы 4G инфрақұрылымының дерегіне сүйенсек, интернет жылдамдығы 2021 жылғы наурызда 13,53 Мбит/с-тан биыл наурызда 18,71 Мбит/с-қа, яғни бір жылда 38,3%-ға артқан. Қазақстандағы интернет бағасы әлемде ең төмен екенін ескерсек, бұл өте жақсы нәтиже болып саналады.

Қазақстанда жылдамдығы жоғары мобильді интернет абоненттерінің саны да тез өсуде. 2022 жылғы наурызда елде 17 млн-ға жуық абонент жылдамдығы жоғары мобильді интернетті пайдаланған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,7%-ға артық.

Бүгінде қазақстандықтарға 5G-ге өткеннен гөрі, 4G-дің тұрақты жұмыс істеуі, оны өңірлерде енгізу маңызды. Мысалы, ұялы байланыс абоненттерінің саны бойынша көшбасы Beeline-да былтыр 4G желісінің жабындысы 81% болды (2020 жылы – 76%, 2019 жылы – 68%, 2018 жылы – 60%).

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу