Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік негізсіз қымбаттамауы үшін қандай шаруалар атқарылып жатыр?

272

Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ғалымжан Ілиясов мәлім етті. 

 Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік негізсіз қымбаттамауы үшін қандай шаруалар атқарылып жатыр? Фото: Inbusiness.kz

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары (ӘМАТ) бағасының өсуін тежеу, тұрақтандыру және реттеу құралдарының бірі – баға белгілеудің барлық тізбегі бойынша делдалдық схемаларды анықтау.

Оның айтуынша "Сауда қызметін реттеу туралы" ҚР Заңының 9-бабына сәйкес ішкі сауда субъектілері ӘМАТ бағасын қоспағанда тауарлардың бағасын дербес анықтайды, деп жазады inbusiness.kz сайты Астана қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.

"ӘМАТ тізбесіне 19 тауар кіреді: 1-сұрыпты ұн; 1-сұрыпты ұннан пісірілген нан; өлшеніп салынатын – рожки, тазартылған күріш, қарақұмық жармасы; 1-санатты тауық жұмыртқасы; ақ қант-құмшекер; күнбағыс майы; сары май (тұздалмаған, майлылығы 72,5% -дан кем емес, толықтырғыштар және өсімдік майлары жоқ); еттің кейбір түрлері (сүйекті жауырын-төс бөлігі сиыр еті, сан сүйек және іргелес жұмсақ еті бар санжілік тауық еті); сүт өнімдері (майлылығы 2.5% жұмсақ қаптамадағы сүт және айран, майлылығы 5-9% сүзбе); көкөністер (картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат) және ас тұзы", - дейді Ғалымжан Ілиясов.

Ол сөзін жалғай отырып, делдалдық схемаларды анықтаумен өз құзыреті шеңберінде Астана қаласының мемлекеттік органдары, яғни Астана қаласының әкімдігі, Экономикалық тергеу департаменті, Мемлекеттік кірістер департаменті, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департаменті жүргізетінін тілге тиек етіп өтті.

"Биыл 15 наурыздан бастап "ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР Заңы қабылданды, оған сәйкес Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттері сауда саласындағы әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша, оның ішінде 204-4-бап бойынша іс жүргізуді жүзеге асыруға уәкілеттілік берілді.

"Сауда қызметін реттеу туралы" ҚР Заңының 9-бабын бұзушылық анықталған жағдайда әкімшілік іс қозғалады және ішкі сауда субъектісінің ӘМАТ-қа 15% сауда үстемесін асырғаны үшін ӘҚБтК-нің 204-4-бабы бойынша "Ескерту" түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылады, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасағаны үшін кіші кәсіпкерлік субъектілеріне – 10, орта КС - 75, ірі КС - 300 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Сауда комитеті (1) мен Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментінен (29) келіп түскен материалдар бойынша 30 кәсіпкер "Сауда қызметін реттеу туралы" ҚР заңнамасын бұзғаны үшін ӘҚБтК-нің 204-4-бабы бойынша "Ескерту" түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 4 кәсіпкерге қатысты материалдар қаралып жатыр", - дейді ведомство өкілі.

Айтуынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде ӘМАТ бағасына қатысты заң бұзудың жолы кесіледі.

Қорытындысында, әлеуметтік маңызы бар тамақ өнімдеріне бағаны мемлекеттік бақылау осы өнімдерге бағаның қолжетімділігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін маңызды құрал болып саналады. Ол тұтынушылардың мүдделерін қорғауға, теріс пайдаланудың алдын алуға және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне әділ және тұрақты баға белгілеуге көмектеседі.

Спикер сөз соңында бағаны мемлекеттік бақылау экономикалық тұрақтылықты бұзбау және бизнес үшін қосымша проблемалар тудырмау үшін сақтықпен және нарықтық тетіктерді ескере отырып жүргізілуі тиіс екенін ескеру маңызды екенін айрықша атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу