Әлеуметтік желілерде заңсыз ұтыс ойнататын алаяқтарға тосқауыл болмай тұр – депутат

783

Халық қалаулысы әлеуметтік желілерді тексеріп, онлайн жарнаманы алаяқтық мақсатта пайдаланатын топтарды бұғаттауды ұсынып отыр.

Әлеуметтік желілерде заңсыз ұтыс ойнататын алаяқтарға тосқауыл болмай тұр – депутат Фото: aikyn.kz

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Бас прокурор Берік Асылов, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрайымы Мадина Әбілқасымованың атына тиісті сауал жолдады, деп жазады inbusiness.kz.  

"Әлеуметтік желілерде заңсыз ұтыс ойнатып, аңғал адамдардың ақшасын сыпырып алатын алаяқтарға тосқауыл болмай тұр. Мұны өздері гив деп атайды. Мәселен, соңғы уақытта әлеуметтік желіде "Тараз Хит" деген заңсыз лотерея пайда болды. Оны ұйымдастырушылар Instagram желісіндегі парақшасында 10 мың теңгеге билет сатып, халықты пәтер, автокөлік ұтысын ойнатуға үгіттейді. Бұл – заңсыз әрекет, яғни алаяқтық қылмыс", - деді "AMANAT" партиясы фракциясының жетекшісі.

Заңнамаға сәйкес, кез келген ұтыс ойындары лотерея операторымен келісіліп жүргізілуі тиіс. Қалғанының бәрі заңсыз. Депутат бұл мәселеде құзырлы органдар неге әрекетсіз отыр деп айтты.

Оның сөзінше, бұдан бөлек елімізде соңғы бес жылда интернет алаяқтық қылмыстары 5 есеге өскен.

"Биылғы бірінші тоқсанның өзінде 4687 интернет-алаяқтық қылмысы жасалған. Құқық қорғау органдары соның небәрі 23%-ының ғана бетін ашыпты. Соңғы 3 жылда келтірілген шығын көлемі 35 млрд теңгеден асып жығылды", - деді Елнұр Бейсенбаев.

Депутат халық арасында онлайн несие алуға сұраныстың күрт артқанын да алға тартты.

"Қарапайым адамдар микроқаржы ұйымдарынан жетіскеннен қарыз алмайды. Айлығы шайлығына жетпегендіктен осылайша бір қарызды екінші қарызбен жамайды. Бүгінде елімізде 239 микроқаржы ұйымы бар. Банктен несие рәсімдей алмаған аңқау халықты делдал-алаяқтар құрыққа оңай түсіріп, осындай ұйымдарға алып келеді. Тығырыққа тірелген адамның мойнына жүздеген пайыздық несие рәсімделеді", - деп атап өтті халық қалаулысы.

2022 жылы банктен несие әперемін деген желеумен алаяқтар 3022 адамды сан соқтырса, биылғы үш айда 475 факт тіркелді, деді ол.

Елнұр Бейсенбаев азаматтарға микроқаржы ұйымдары арқылы онлайн несие рәсімдеуге электронды үкімет базасында тыйым салудың мүмкіндігін тездетіп енгізуді ұсынып отыр.

"Екіншіден, елімізде заңсыз лотереялардың, қаржы пирамидалары мен өзге де заңсыз қаржылық операциялармен күресті күшейту қажет. Үшіншіден, әлеуметтік желілерге кешенді тексеру жүргізіп, онлайн жарнаманы алаяқтық мақсатта пайдаланатын топтарды бұғаттау керек", - деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу