Депутат әлеуметтік желілердегі қауіпті ойындардың көбейгеніне алаңдаушылық білдірді

497

Халық қалаулысы зиянды контентті анықтап бұғаттайтың жаңа технологиялық шешімдер қажет деген пікірде. 

Депутат әлеуметтік желілердегі қауіпті ойындардың көбейгеніне алаңдаушылық білдірді Фото: canva.com

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменованың әлеуметтік желілердегі контентке қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Соңғы уақытта елімізде болған балалардың өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары бүкіл қоғамды дүр сілкіндіріп, ата-аналар мен педагогтар арасында үлкен алаңдаушылық тудырды. Бұл қайғылы жайттар, әсіресе әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің баланың психологиялық денсаулығына тигізіп отырған зиянды әсерін ескерсек, мәселені шешу кезек күттірмейді. Парламент бүгінгі таңда заңнамалық шаралар қабылдағанына қарамастан, мысалы суицид туралы Қылмыстық кодексте арнайы жаңа құрамда 2 бап қабылданды, сонымен қатар суицидті насихаттауды болдырмауға "Масс-медиа туралы" заңда нақты реттеу механизмі енгізілді, бұдан бөлек булингке және кибербуллингке арнайы әкімшілік құқықбұзушылық жауапкершілігі енгізілді, білім басқармаларының жанынан психологиялық орталықтарды құру, психологиялық қызметті жетілдіруге байланысты нормалар қабылданғанына қарамастан, бұл проблема қоғамда алаңдатушылық тудыруда", - деді ол депутаттық сауалында.

Депутаттың айтуынша, әлеуметтік желілердегі қауіпті ойындар, квесттер және зорлық-зомбылықты насихаттайтын контент жасөспірімдердің санасын улап, оларды қауіпті әрекеттерге итермелеп жатыр. Жұлдыз Сүлейменова осындай контенттің таралуына бақылауды күшейту кезек күттірмейтін мәселе екенін баса айтты. 

"Әлеуметтік желілердегі және мессенджерлердегі негативті әсерлерге көз жұму – ұрпақ болашағына немқұрайлылық танытумен тең. Заңнамалық қабылданған шараларды орындауды күштік органдар, әсіресе мессенжерлардың жасөспірімдер контентінде гигиена шараларын қатаңдатуын талап ететін уақыт келді", - деді Мәжіліс депутаты.

Жұлдыз Сүлейменова мәселені шешуге қатысты бірқатар ұсыныс тастады.

"Біріншіден, қауіпті контентті анықтау және мониторинг жасау бойынша автоматтандырылған жүйелерді енгізу. Зиянды контентті автоматты түрде анықтай алатын және бұғаттай алатын жаңа технологиялық шешімдерді әзірлеп, қолдану қажет. Мұндай жүйелер интернеттегі қауіпті материалдарды жедел бақылап, оларды бірден жою механизмдерін қамтамасыз етуі керек. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің әкімшілері осы заңнамалық талаптарды орындауы керек деп талап етуіміз керек. Әлемдік тәжірибе әлеуметтік платформалардың иелері қауіпті контенттің таралуын оның пайда болу сатысында-ақ тоқтата алатынын дәлелдейді. Сондықтан олардан біздің елдің заңнамалық талаптарының сақталуын қамтамасыз ететін алгоритмдерді өзгертуін талап етуіміз қажет. Егер бұл талаптар орындалмаса, мемлекет мұндай контентті бұғаттау бойынша қосымша шаралар енгізуге дайын болуы тиіс", - деп жалғастырды ол.

Бұдан басқа Мәжіліс депутаты ата-аналарды зиянды контенттің қаупі туралы тиімдірек ақпараттандыру үшін сапалы ақпараттық бейнероликтер әзірлеуді, оқу бағдарламаларына оқушылар арасында зиянды контентті зерттеуге бағытталған цифрлық сауаттылықты дамыту компоненттерін енгізуді ұсынды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу