Алматы зообағына Франциядан су сиыр әкелінді

1077

Алматы зообағына Франциядан су сиыр әкелінді

Алматы зообағындағы бегемотқа Франциядан қалыңдық әкелінді. Лотти атты су сиыры шаһарға арнайы ұшақпен жеткізілді. 2 тоннаға жуық жануарды әуе кемесінен түсіру үшін бірнеше адам жұмылдырылды, деп хабарлайды Алматы телеарнасы.

Алматы зообағының қызметкерлері осыдан бір жыл бұрын Еуропадағы әріптестеріне "құда түсіп", ұрғашы бегемот іздестіріп жатқандарын жеткізген еді. Ұзақ келіссөздерден соң "құдалық рәсімі" сәтті өтіп, олар көптен күткен қалыңдықтарын әуежайда күтіп алды. Лотти атты 8 жасар бегемотты франциялықтар қалалық зообаққа тегін тарту еткен. Біздің тарап тек жануарды жеткізу үшін жол шығыннын төлепті. Оның өзі 28 мың еуроны құраған.

Лоттидың салмағы 2 тоннаға жуық. Мұндай алып жануарды тасымалдау өте күрделі екен. Бегемот тәулік бойы аядай торда қамалып тұрған. Бірақ онымен бірге ұшып келген француз мамандары су сиырдың жағдайын жол бойы кірпік қақпай бақылап отырған.

Зообақ қызметкерлері әуежай қақпасынан шықпай тұрып, бегемоттың құжаттарын рәсімдеді. Кейін "қалыңдықты" жаңа үйіне әкелді.

Талап бойынша бегемот карантинге жабылады. Бұл аралықта су сиыры біздің табиғатқа бейімделіп, ұзақ жолдағы күйзелісінен шығады. Қызметкерлердің айтуынша, бегемотты қолға үйрету өте күрделі. Бастапқыда жануар шабуыл жасап, мінез көрсетеді екен.

"Біздің су сиырымыз Жамбо кішкене мазасызданып, әлгі жолдасы келгенге кішкене мінез танытып жатыр. Енді Құдай бұйырса 45 күннен соң қосамыз. Біздің ойымызда ұрпақ алу. Ал енді оның жасы 8-ге келді биыл,  Жамбомыз 11 жаста. Екеуін енді дұрыс қарасақ, бірнеше ұрпақ алуға болатын түрі бар", - деді Алматы зообағының қызметкері Ермұхамбет Нұрғазиев.

Лотти әзірге француз тілін ғана түсінеді. Хайуанаттар бағының мамандары шетелдік жануарға 40 күнде қазақ тілін үйретеміз деп отыр. Әрі бұл уақытта ішер ас-суғада бейімделеді. Айта кетейік, бегемоттар күніне 15 келі көкөніс пен 10 келі шөп жейді екен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу