Алматыда 1 500 жас әскер қатарына шақырылады

790

Күзгі әскерге шақыру науқаны 1 қыркүйекте басталып, 31 желтоқсанға дейін жалғасады. 

Алматыда 1 500 жас әскер қатарына шақырылады

Әскерде кім қызмет ете алатыны, әскерге шақырылушылардың денсаулығы және оларды қабылдаудың жаңа қағидалары туралы Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы Амантай Өсербаев мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz. 

Спикердің айтуынша күзгі шақыру қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып жүргізілуде. Әрбір медициналық комиссияның құрамына инфекционист дәрігер кіреді. Әскери бөлімдерге жіберер алдында жастар ПТР-тест тапсырады. 

"17 жастан 27 жасқа дейінгі кейінге қалдыруға немесе одан босатуға құқығы жоқ азаматтар мерзімді әскери қызметке шақырылады. ҚР Президентінің бұйрығы негізінде Алматы қаласы әкімінің қаулысымен қалада шақыру комиссиясы құрылды. Комиссия төрағасы болып Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Құсайынов тағайындалды. Сонымен қатар шақыру комиссиясының құрамына құқық қорғау органдары мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері енді", – деді Амантай Өсербаев. 

Қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының айтуынша, қазіргі уақытта Ұлттық қауіпсіздік комитетінің әскери бөлімдерін жасақтау аяқталуға жақын, кейіннен Ұлттық ұлан Қарулы күштері мен Мемлекеттік күзет қызметінің әскери бөлімдері жасақталатын болады. 

Сонымен қатар департамент басшысы бүгінде келісімшарт бойынша қызмет еткісі келетіндер саны артып келе жатқанын атап өтті. Мысалы, биылғы жылы келісімшарттық қызметке Алматыдан 500-ге жуық адам қабылданды. Бұдан басқа, Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің деректері бойынша Қазақстанда әскери қызметшілердің 70%-дан астамы келісімшарт бойынша қызмет етеді. 

"Жалпы әскерге шақырылушылардың денсаулығы қанағаттанарлық. Біз 17 жастан бастап балаларды әскери есепке аламыз. Егер қандай да бір аурулар анықталса, онда жастар емделуге жіберіледі, сондықтан 18 жасында олар көбінесе жедел қызметке жарамды болады. Жаңа буындағы әскерге шақырылушылар арасында жиі кездесетін аурулардың бірі – көру қабілеті нашар, сондықтан талаптар өзгеріп, төмендетілді, өйткені қазір 100% көру қабілеті бар әскерге шақырылушылар аз болды. Біз сондай-ақ үміткерлердің білім деңгейі мен психологиялық жағдайын ескереміз", – деді Амантай Өсербаев. 

Брифинг барысында Қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе босату туралы шешімді тек шақыру комиссиясы қабылдайтынын айтты.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу