2021/2022 оқу жылының басында елімізде 724 колледж жұмыс істеді. Олардың 719-ы күндізгі, 14 кешкі және 287 сырттай бөлімдері бар, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі ranking.kz-ке сілтеме жасап.
Сондай-ақ Қазақстанда Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 38 филиалы жұмыс істейді.
Білім алушылар саны бір жылда 3,5%-ға өсіп, 493,3 мың адамға жетті. Аймақтық тұрғыда студенттердің көпшілігі Алматы қаласындағы колледждерде оқиды. Одан кейінгі орында Шымкент пен Қарағанды облыстары тұр. Солтүстік Қазақстан облысының колледждерінде керісінше, ең аз студент тіркелген.
2021/2022 оқу жылында 176,7 мың студент оқуға қабылданды.
Еліміздің колледждеріндегі ерекше санаттағы студенттердің ішінде ауылдық жерлерден 106,1 мың студент, жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 6,1 мың студент, бала кезінен мүгедектігі бар 2,8 мың, мүмкіндігі шектеулі 1,2 мың студент бар.
2021/2022 оқу жылында еліміздің колледждерінен 35,2 мың студент шығып қалды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,2%-ға көп. Оқу ордаларынан кеткендердің көпшілігі Алматыда тілкелген – 7,2 мың адам, бір жылда олардың саны 32,7%-ға өскен. Одан кейінгі орында Қарағанды облысы мен Шымкент қалалары тұр.
Биылғы жылы колледждердегі оқуын 139,3 мың түлек аяқтайды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 4,1%-ға аз.
Аталған оқу жылында мемлекеттік емтихан тапсыруға және диплом қорғауға 146,5 мың адам жіберілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,3%-ға артық.
Мемлекеттік емтиханға жіберілген және диплом қорғағандар саны бойынша Алматы қаласы алда болады деп күтілуде (21,1 мың студент). Одан кейінгі орындарда Шымкент (12,3 мың оқушы) мен Түркістан облысы (11,8 мың студент) келеді.
Түлектер саны жылына небәрі 0,2%-ға өсіп, 146,3 мың адамға жетті. Оның ішінде 17,7 мың студент колледждер мен жоғары оқу орындарында оқуын жалғастырды, 92,7 мың студент жұмысқа орналастырылды.
12,3 мың адам үздік диплом, 75,5 мың адам жалпы орта білімі бары туралы, 97,1 мың адам біліктілік дипломын алды.
Құралай Құдайберген