Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ғылым апталығы аясында "Ғылым және бизнес: Қазақстанның инновациялық даму жолдары" атты ғылыми-инновациялық көрме өтті, деп жазады inbusiness.kz.
Ғылыми жетістіктер көрмесін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым академиясының президенті Күнсұлу Закарья, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев, "Атамекен" ҚР ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров, сондай-ақ бизнес және ғылым өкілдері, ірі компания басшылары тамашалады.
Көрмеге наноматериалдар негізіндегі қабылдағыштар, энергия үнемдейтін шамдар, физика бойынша бағдарламалық кешен, композиттік материалдар (шунгит), COVID-19 вирустарын жоюға арналған дербес портативті құрылғы, арнайы мақсаттағы полиэфирлі шайырлардың тәжірибелік өнеркәсіптік өндірісін құру, наноспутник және тағы басқа барлығы 20-ға жуық инновациялық жоба қойылды.
ҰКП өкілдерінің пікірінше, ғылыми жобалардың көбін коммерцияландырып, нарыққа таратуға болады.
"Бұл ғылыми әзірлемелердің көбі коммерцияландарып, масштабтауға болатын жобалар. Ғылым мен бизнес инновациялық әлеуетті дамытудың екі маңызды құрамдас бөлігі екенін толық қолдаймыз. Тиімді іске асыру арқылы осы екі сектор арасындағы ынтымақтастық күрделі экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуге, экономиканың өсуіне және жаңа жұмыс орындарын құруға көмектеседі", – деді Мақсат Қиқымов.
Спикер Ұлттық палата және бизнес өкілдерінің бастамасымен Ғылым комитеті жанынан коммерцияландыру жөніндегі жеке ұлттық ғылыми кеңес құрылғанын айтты. ҰКП ұсынысы бойынша 12-ден астам қауымдастық, сондай-ақ бизнестің 28 өкілі 10 ұлттық ғылыми кеңестің құрамына енгізілді. Бұл қазірдің өзінде ғылыми және бизнес топтардың өзара іс-қимылының белгілі бір нәтижелерін береді.
Спикер Үкімет ғылымды қаржыландыруды 2020 жылы 89 млрд теңгеден осы жылы 160 млрд теңгеге, ал 2025 жылға қарай 240 млрд теңгеге дейін ұлғайтуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Бұл мемлекет тек осы бағыттағы даму қарқынын арттыратындығын көрсетеді.
Еске салсақ, Ұлттық палата және бизнес өкілдерінің бастамасымен Ғылым комитеті жанынан коммерцияландыру жөніндегі жеке ұлттық ғылыми кеңес құрылды. Сондай-ақ ғылымның бизнеспен өзара іс-қимылына жағдай жасау мақсатында Ғылым қорының Бизнес-серіктестер клубы ғылыми жобаларды коммерцияландыруға мүдделі бизнес өкілдерінің қауымдастығы құрылды. Қазіргі уақытта клубқа 180-ден астам мүше кірді.