Бұл туралы Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасы жанындағы Білім беру кеңесінің кезекті отырысында айтылды.
Алматы қаласы ӨКП басқарушы директоры Ақеркін Ералиева төрт бағыт бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.
"Төрт бағыт бойынша осындай конструктивті диалог жүргізу үшін біздің кеңесте үш комиссия болады: мектепке дейінгі білім беру, бастауыш, техникалық және жоғары білім. Осындай кең форматта білім беру деңгейлерінің барлық өкілдері айына бір рет кездеседі. Бірақ біз өзекті жұмыс мәселелерін күн сайын талқылауға дайынбыз", – деп атап өтті Ақеркін Ералиева.
Спикер кеңес мүшелері бір-бірімен жақынырақ танысып, іскерлік байланыс орнатуы үшін жиналыстарды оқу орындары базасында ұйымдастыруды ұсынды.
Кеңес қатысушылары білім беру саласындағы ең өзекті мәселе – оқушы орындарының тапшылығы екенін атап өтті. Мұның басты себебі Алматыдағы ішкі және сыртқы көші-қон қарқыны дейді мамандар. Ресми мәліметтер бойынша, Алматыда мектеп оқу орындарының тапшылығы 27 мың орынды құрайды. Жыл сайын мегаполисте балалар саны орта есеппен 12-14 мың балаға артып келеді.
Мамандардың пікірінше, "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы арқылы тапшылық айтарлықтай азаяды.
"Жайлы мектеп" ұлттық жобасын табысты іске асыру кезінде орын санының жеткіліксіздігі басқарылатын тапшылыққа – 5-тен 6 мың орынға дейін төмендетілетін болады. Алматы қаласы үшін бұл қалыпты жағдай. Көші-қонды ескере отырып, тапшылық мүлдем болмайды деп айта алмаймыз", – деп атап өтті Алматы қаласы білім басқармасының жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Ақмарал Айтуарова.
Спикер барлық мектепке белгілі бір көшелер бекітілгенін айтты. Олар микро учаскелер деп аталады.
"Бүкіл қала картасын шағын микро аудандарға бөлінген. Мұнда мектептерге қадамдық қол жетімділік ескеріледі. Біз жүктемені түсіру үшін шамадан тыс жүктелген мектептердің учаскелерін қайта қарастырдық. Егер жақын жерде балаларды қабылдай алатын басқа мектеп болса, онда біз кейбір көшелерді сол мектепке бағыттаймыз. Бұл да жұмыс тиімділігіндегі жақсы шаралардың бірі", – деп атап өтті Ақмарал Айтуарова.