Алматыда сот өкiлiнiң атағын өз бетiмен иемденіп алып, заңсыз актілер жасап, азаматтарды жүргізуші куәлігінен айырып және айыппұл өндіріп алуға тырысқан азаматша тұтқындалды.
"Алматы қаласында азаматша А. "Әділет" Халықаралық төрелік соты" толық серіктестігін құрып, сот төрелігін заңсыз жүзеге асырған. Билік өкілінің атағын өз еркімен иемденіп алып, Қазақстан Республикасының атынан әкімшілік, қылмыстық және азаматтық істер бойынша шешімдерді (шешімдерді Мемлекеттік елтаңбамен және басқа да деректемелерімен фирмалық бланкіде) шығарып отырған. Осы заңсыз сот актілерімен азаматтарды жүргізуші куәлігінен айырып және соманы өндіріп алып, тергеу изоляторынан адамдарды босатуға тырысқан. Алматы қаласы Бостандық ауданы прокурорының арызы бойынша Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты "Әділет" Халықаралық төрелік соты" ЖК қызметін жойды",– деді қалалық прокуратурада.
Жалған судьяға қатысты ҚР ҚК-нің 390-бабы (Билік өкiлiнiң атағын өз бетiмен иемденіп алу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
ҚР ҚПК-нің 201-бабының тәртібінде өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды.