Алматыда "5:32" сериалының продюсеріне сот үкімі шықты

271

Ол 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, алайда үкімді орындау мерзімі 3 жылға шегерілді.  

Алматыда "5:32" сериалының продюсеріне сот үкімі шықты Фото: КазТАГ

Алматыдағы Алмалы аудандық соты осы жылдың маусым айында автобустың қатысуымен болған жол апатына қатысты іс бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Алмалы аудандық сотында көлік құралдарын жүргізу кезінде жол қозғалысы ережелерін бұзып, абайсызда адам өліміне әкеп соққан сотталушы Әнел Сартаеваға қатысты қылмыстық іс қаралды.

"Сотта сотталушы С.-ның көлік тізгіндеп көше бойымен келе жатқанда, "жол бер" белгісін елемей, жол бөлігіне шығып кетіп, автобуспен соқтығысқаны анықталды. Соқтығыс салдарынан автобус бағдаршамға соғылып, одан кейін тротуарға шығып кетеді де дүкен ғимаратына соқтығысады. Апат салдарынан автобус жолаушысы жедел медициналық жәрдем келгенше көз жұмды", – делінген хабарламада.

Әнел Сартаева өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтқан.

Сот үкімімен айыпталушы ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігі бойынша 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол 5 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды. ҚК-нің 74 бабының 1-бөлігі негізінде үкімді орындау 3 жылға, баласының жасы 3 жас 9 айға толғанға дейінгі мерзімге шегерілді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кету керек, биылғы 26 маусымда Алматыда қоғамдық көлік апатқа ұшырап, бір адам қаза тапқанын жазғанбыз. Оқиға салдарынан тағы 25 адам медициналық көмекке жүгінген. Одан кейін соттың күдікке ілінген жүргізушіні үйқамаққа жібергені айтылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу