Аман Мәмбетәлі: Мәңгілік мүдде мен достық

232

Қытай – бұрыннан біз үшін басты нарықтың бірі.

Аман Мәмбетәлі: Мәңгілік мүдде мен достық Фото: Жеке қорынан

Қытай басшысы Си Цзиньпиннің Қазақстанмен дипломатиялық хәм достық байланыс орнатқаны бүгін ғана емес. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мызғымас одақтың құрылуы үшін еңселі хәм ұзақ еңбек етті. Әуелі екі ел арасында визасыз режим енгізілді. Осы жеңілдіктің арқасында соңғы 5 айда елімізге 126 мың турист келді. Яғни, бұл Қазақстан туризм қорына тағы ақша құйылды деген сөз. Саудаға серпін берілді деген сөз. 2025 жыл - Қытайдағы Қазақстан туризм жылы болып жарияланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Бұл да Президенттің туралап қалған туризмімізді дамытамыз деген тыраштануынан туған идея еді. Одан бөлек, Қазақстан мен Қытайдың қарым-қатынасы экономикалық, IT технология, инфраструктура, сауда-саттық жағынан да дамып жатыр. Көз ілеспес жылдамдықпен десем, артық айтқаным емес-ау, сірә?! Ең ғажабы, бұл екі ел арасындағы қарым-қатынас, достық тек байшыкештерді ғана емес, тұрмысы төмен және орта деңгейлі отбасыларға да жақсы ықпал етуде.

Байқасаңыздар, көшелерде Қытай машиналары көбейіп жатыр. Қытайға біз де экспорт жіберудеміз. Кәсіпкерлерге де мүмкіндіктер айқара ашылуда. Біздің студенттерге Қытайда білім алып, ғылым игеруге жолдары ашылуда. Менің ойымша, бұл процесс жалғаса береді.

Шілденің екісінде Қытай басшысы елге келіп, үшінде Қазақстан мен Қытай арасында 40 құжатқа қол қойылды. Ол Қазақстанға үш күнге келіп отыр. Әдетте Қытай басшысы үшін өзге елде мұндай ұзақ уақыт болу – сирек кездесетін жағдай. Көп азаматтарымыз: "Алмақтың да салмағы бар. Қытайлар бізге зауыт-фабрикалар, электр станциялар ашып береді екен, ал бізден не талап етеді", - деген сауалдар қоюда. Әрине, халқымызда синофобия бар екенін ескерсек, орынды сұрақ. Бірақ біз Қытайлар үшін Шығыс Еуропа, Батыс Еуропа, Орталық Азия және Шығыс аймақтарға жол ашып отырмыз. Былайша айтқанда, біз арқылы кіріп-шығатын болады. Сыйға сый, сыраға бал деген, осы шығар... Яғни, Қытай Қазақстан арқылы тауар тасымалдаса, қазақ жеріндегі тұрақтылыққа мүдделі әрі жауапты болады. Оны Қытай басшысы "Қазақпаратқа" берген сұхбатында да тілге тиек етті.

Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тағдыршешті, маңызды дипломатиялық қарым-қатынасқа Қытай елін таңдауының себептері бар. Президент 8 жыл бойы Қытайда қызмет еткендіктен қытайлықтарды бес саусағындай жақсы біледі. Тіліне де жатық. Экономикалық жағынан да қарыштап дамыған ел. Қытай – бұрыннан біз үшін басты нарықтың бірі. Қытайдың порттарында да қолдануға мүмкіндік бар. Ляньюньган портында бізге терминал берілуде. Сондықтан біз үшін дәл қазір бұл екі ел арасындағы 40 құжат 40 түрлі бақытқа жол ашқалы тұр. Әрі қазақ наным-сенімінде ата-бабамыз 40 санын ерекше қастерлеген. Бұл – адам жарастылысымен тікелей байланысты цифр. Яғни, осы 40 құжатта жазылған келісімдер іске асса, елеулі өзгерістер болады.

Қысқасын айтқанда, Қытай көрген азаматтар жақсы түсінеді деп ойлаймын. Біздің ҚХР-дан көретін, үйренетін дүниелеріміз шаш етектен. Есігімізді ешкімге ашпай, көршімен байланыспай, өз жанымызға өзіміз тығылып өмір сүруге болмайды. Тіпті шағын отбасында да көршімен, туыспен араласуға тура келеді. Біздікі де сол.  Бұл – дипломатия, және мәңгілік мүдде мен достық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу