2019 жылы 7 мамырда Амстердам аппеляциялық соты Нидерландыдағы "Самұрық-Қазына" АҚ-ның KMG Kashagan B.V.-дағы акцияларына салынған тыйымды күшінде қалдырды, деп хабарлайды әділет министрлігінің баспасөз қызметі.
Тыйым салынған акциялардың құны 5,2 миллиард АҚШ долларын құрайды.
Еске сала кетсек, 2017 жылғы 31 тамызда Стати Нидерландыдағы Қазақстанның активтеріне қатысты қамтамасыз ету шараларын қолдану туралы өтінішхатпен жүгініп, сол жылдың 14 қыркүйегінде жеңілдетілген өндіріс тәртібінде KMG Kashagan B.V.-дағы "Самұрық-Қазына" АҚ акцияларына тыйым салуға қол жеткізді.
"Бұл ретте, осы шешім Стати тарабы Нидерланды аумағында қандай-да бір соманы өндіріп алады дегенді білдірмейді. Аталған шешімге сәйкес Нидерланды соттарында негізгі екі сот талқылауы аяқталғанға дейін акцияларға салынған тыйым сақталады", – делінген ведомство таратқан хабарламада.
Анатолий Стати, Габриэль Стати, Ascom S.A. және Terra Raf Trans Traiding Ltd. ("Стати") және Қазақстан арасындағы дау жалғасып жатыр.