АҚШ-тағы ақшамыздан айырылмаймыз

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
11413

2017 жылдың 3 тоқсанында Ұлттық қордың таза активтерінің көлемі 2 трлн 949 млрд теңгеге қысқарды.

АҚШ-тағы ақшамыздан айырылмаймыз

Жыл жабылар тұста молдовалық кәсіпкер Анатол Стати мен оның компанияларының Қазақстан үкіметінің үстінен түсірген арызын негізге алған АҚШ-тың Bank of New York Mellon холдингтік компаниясы Ұлттық қорымыздың 22 млрд долларын бұғаттап тастап, дүйім жұртты дүрліктірді. Ұлттық банк те қарап қалмады, қарсы тараптың үстінен шағым түсірді.

Естеріңізге сала кетейік, біздің ел 4 жылдан бері Молдова азаматы Анатол Стати мен оның ұлына, сондай-ақ олардың компанияларына қатысты шетелдік сот отырыстарын бастан өткеріп жүр.

Молдовалық Ascom Group компаниясының басшысы Анатол Стати 2005 жылы Маңғыстау облысындағы Боранкөл газ өңдеу зауытының құрылысына 156,2 млн доллар қаржы құйған. 2009 жылы Қазақстанның қаржы полициясы Ascom Group компаниясына қарасты "ҚазПолМұнай" және "Толқынмұнайгаз" компанияларының соңына шам алып түскен. Сөйтіп "ҚазПолМұнайдың" бас директоры Сергей Корнегруцаға мұнай құбырларын лицензиясыз пайдаланып, 21 млрд 675 млн теңге көлемінде заңсыз ақша тапты деген айып таққан. Бір жылдан соң Сергей Корнегруца сотталып кеткен. Ал құрылысы аяқталмаған зауыт "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының қарамағына өткен.

2013 жылдың желтоқсанында халықаралық арбитраждық сот Молдова азаматы Анатол Стати бастаған шағымданушылар тобының пайдасына шешім шығарды және Қазақстанды өздеріне 500 млн доллардан астам өтемақы төлеуге міндеттеді. Бірақ біздің ел оңай шағыла салған жоқ. Ұлыбританияның әділ сот төрелігінің жоғарғы сотының корольдық орынтағы сот алқасының шаруашылық істері жөніндегі палатасына қарсы шағым түсірді. 2017 жылдың 6 маусымында палата алдыңғы шешімнің бетін қайтарды.  

Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросының директоры Қасымхан Қаппаровтың пікірінше, егер осы оқиға Қазақстанға сабақ болатын болса, елімізде "Ұлттық қор туралы" заң бекітіледі.  

"Қорға түскен, жұмсалған ақша мен инвестициялық кіріс көлемін жыл сайын ашық жариялап, парламенте талқылап отыруды тәжірибеге енгізу керек. Жыл сайын тәуелсіз сыртқы және ішкі аудит жүргізіп, оның нәтижелерін ашық жариялап отыру қажет, – деді Қасымхан Қаппаров.

Оның ойынша, мәселе ұлттық қорды басқару жүйесінен туып жатыр.

"Ұлттық қордың активтерді басқару менеджменті дұрыс емес", – деп қорытты ойын Қасымхан Қаппаров. Ал мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров қалыптасқан жағдай Ұлттық қордың әлсіз тұсын көрсеткенін алға тартты.

"Ұлттық қордың 22 млрд долларының бұғатталуы оның құқықтық қорғалу деңгейінің төмен екенін көрсетті. 2016 жылмен 2017 жылдың 3 тоқсанында Ұлттық қордың таза активтерінің көлемі 2 трлн 949 млрд теңгеге, яғни 12%-ға қысқарған. Долларлық есептеудің талдауы бойынша, жағдай тіпті ушығып тұр. Бұған қоса резервтік қордың қысқартылу тенденциясын тоқтату үшін ешқандай амал жасалып жатқан жоқ. Мұның барлығына Ұлттық қорға қатардағы қаржы құралы ретінде қарау себеп болып отыр. Бүгінгі таңда Ұлттық қорды басқару мемлекеттік органдардың қосалқы қызметіне айналғандай. Ұлттық қорды басқару жауапкершілігін ешкім мойнына алып отырған жоқ және ешкім оны кәсіби тұрғыдан стратегиялық басқарумен айналысып жүрген жоқ. Стратегиялық басқару ағымдағы әлеуметтік-экономикалық мақсаттарға бағынышты болып қалды", – деді Айқын Қоңыров.

Халық қалаулысының ұсынуынша, Ұлттық қордың қаражатын басқаруға толық жауапкершілік алатын бөлек мамандандырылған орган құру қажет. Сонымен қатар Ұлттық қордың реттелуін бюджеттік кодекстен шығарып, бөлек заң қабылдау керек.

"Кәсіпкерліктің жеке субъектілеріне қолдау көрсету үшін Ұлттық қор қаражатын пайдалануға мораторий енгізіп, бір таңбалы шектеу бекіту және Ұлттық қордан кез келген сылтаумен ақша алуға тыйым салу керек. Бұған қоса Ұлттық қордың инвестицияларын экономикалық және құқықтық тәуекелдерден қорғау үшін нақты іс-шаралар кешенін ойлап тауып, қолданысқа енгізу қажет", – деді депутат.

Өз кезегінде әділет министрі Марат Бекетаев Қазақстанның бұғатталған қаржысын ешкім тартып ала алмайтынын айтты.

"22 млрд долларды ешкім  алмайды. Бұл активтер біздің меншікте қалады. Қазақстанға тек 1 жарым миллиардтан айырылу қаупі бар. Ол талап арызда көрсетілген сома. Сотта Қазақстанның мүддесін әділет министрлігі қорғайды. Біздің үкімет молдовалық инвесторға бір тиын да беруге міндетті емес. Сондықтан Лондон сотында Анатолий Статидің алаяқтық жасағанын дәлелдеуге бар күшімізді саламыз. Сот 2018 жылдың қазан айына бекітілген", – деді министр.

Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев болса, қаржылық реттеуші шетелдік әріптестерінің әрекеті қаншалықты заңды екені анықталып жатқанын жеткізді.

"Инвестордың сұраған сомасы бұғатталған актив көлемімен салыстыруға келмейді. Біз мұның қаншалықты заңды жасалғанына көз жеткізу үшін шағым түсірдік. Екіншіден, бізде бағалы қағаздарды сақтайтын банкпен келісімшарт ағылшын құқығы бойынша бекітілген. Тиісінше, біз Лондонның жоғарғы сотына жүгіндік. Біздің ойымызша, банк бұл активтерді заңсыз бұғаттады", – деді Данияр Ақышев.

Айта кетейік, Статидің сарсаңынан соң ел аумағынан асатын әр тиын қатаң бақылауға алынатын болды. Қажет болатын болса, Ұлттық қор мен біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы капитал бірігуі мүмкін. Бұл туралы елбасы 25 желтоқсан күні мемлекеттік арналар арқылы берген сұхбатында: "Зейнетақы қаражатымен бұдан әрі не істейміз. Мысалы, Норвегияда жақсы тәжірибе бар. Олар зейнетақы қаражатын ұлттық қормен біріктірген. Ол адамдар үшін сенімді бірыңғай қор болды. Бірақ та бұл қаражат мемлекет бақылауынан шығып кетпеу керек. Мен мұны түсіндім. Қалай болғанда да мемлекет зейнеткерлер алдында жауап береді", – деді.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу