Депутат мүмкіндігі шектеулі жандардың жан айқайын жеткізді

570

Ел бойынша кәсіби тұрғыда протез жасайтын протезист маманы жоқ. 

Депутат мүмкіндігі шектеулі жандардың жан айқайын жеткізді Фото: pixabay.com

Мәжіліс депутаты Таңсауле Серіков мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған протездер мен арбалар жасайтын мамандардың жетіспеушілігі туралы мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Қазақстан бойынша кәсіби түрде протез жасайтын протезист маманы жоқ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сәйкес, биылғы наурыз айы бойынша, елімізде 715 мыңнан аса мүгедектігі бар адам тұрады. Олардың тең жартысы бес өңірде өмір сүреді: Түркістан облысында – 97,1 мың, Қарағанды облысында – 66,3 мың, Алматы облысында – 64,5 мың, Шығыс Қазақстан облысында – 50,2 мың, Алматы қаласында – 57,1 мың адам. Ауылдық жерлерде олардың 42,7 пайызы тұрады", - деді депутат Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған сауалында.

Халық қалаулысының дерегінше, елімізде 200 мыңнан аса адамда тірек-қимыл аппараты бұзылған.

"Мемлекет І, ІІ, ІІІ топ мүгедектеріне тегін протез жасауға кепіл болғанымен, іс жүзінде өте баяу іске асып жатыр. Үш жылда бір рет протезді ауыстырып, жылына бір рет жөндеу жасалу керек. Ортопедиялық аяқ киім жылына бір рет ауыстырылуы қажет. Протезді жылына кемінде екі рет тексеруден өткізіп отыру қажет. Ал балалар протезін әр екі ай сайын жөндеуден өткізуі керек, себебі, баланың сүйегі тез өзгереді, денесі өседі, өзгерістер болады. Осы орайда жоғары квалификациялы протезист-ортопед маман болуы керек", - деп жалғастырды ол.

Таңсауле Серіков елімізде протез жасайтын 3-4 адам ғана барын айтты.

"Олардың өзі мүгедектігі бар, бұл саланың мамандары емес, Ресейге барып айлық курс оқып келіп, протез жасап жүр. Себебі, колледждер мен жоғары медициналық оқу орындары мұндай мамандыққа оқытпайды. Шет мемлекеттерден протез алу қалтасы қалың адам үшін де қиындық туғызады, ал қарапайым адам қалай алады? Протез – адамның дене мүшесінің жасанды түрі, сондықтан, бұл мәселеге тианақты түрде қарау керек", - деп атап өтті спикер.

Бұдан бөлек, ол мүгедектікті растау бойынша көптеген мәселе туындап отырғанын жеткізді.

"Енді мүгедек жандар үшін жасалатын арнайы коляска жайлы айтар болсам, бізде коляска шығарылмайды екен. Республика бойынша, 720 мыңнан аса мүгедектігі бар адам бар. Оның ішінде, 203 мыңы қозғалыс аппараты жүйелерімен тіркеуде тұрса, 25345 адам арбамен жүреді екен. Біздегі коляскаларда тек фирма аты жазылған жазуды тағып береді де, ол біздікі сияқты болып шыға келеді. Осы арбалардың бағасын айтсам, автокөлік бағасымен тең боп қалды", - деді Таңсауле Серіков.

Депутат осы мәселеге қатысты бірқатар ұсыныс айтты. Ол Қазақстанда протез жасайтын протезист мамандарын дайындауды, мүгедек жандар үшін коляска жасауды қолға алуды ұсынды.

"Сондай-ақ, коляскаларды жөндейтін қала орталықтарында инво жөндеу орталықтары ашылсын", - деп қорытындылады мәжілісмен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу