Теміртау қаласында полиция қызметкері ұсталып, бірнеше лауазымды адам жұмысынан шығарылды. Бұл туралы ІІМ ақпарат таратты.
"Арселор Миттал Теміртау" компаниясының басшылығы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне "Теміртау полициясы цехтан ұрланған металға қатысты қылмысты ашпай отыр" деп шағым түсірген. Көп ұзамай ІІМ тергеу оперативтік тобы компанияның цехынан металды қолды еткен қылмыстық топты құрықтаған. Олар бұл ұрлықпен бірнеше ай бойы айналысқан әрі бір күнде шамамен 16 млн теңгенің металын алып шығып отырған.
Ірі көлемдегі ұрлыққа Теміртау қаласы полиция басшылығы көз жұма қараған. Қарағанды облысы Полиция департаментінің хабарлауынша қызметтік тексерістен кейін бірнеше полиция маманы жазаға тартылды. Теміртау қаласы полиция басқармасының бастығы және Теміртаудағы Шығыс полиция бөлімінің бастығы лауазымдарынан босатылған. Сонымен қатар Теміртау полиция басқармасы бастығының оперативтік жұмыс жөніндегі орынбасары ескерту алған. Бұл іске қатысты Қарағанды облысының Полиция департаменті бастығының екі орынбасарына қатаң сөгіс жарияланған. 24 ақпанда Теміртау қалалық сотының санкциясымен Шығыс полиция бөлімі бастығының орынбасары екі айға қамауға алынған. Полиция бастығының орынбасары ұрлыққа қатысы бар деген күдікке іліккен.
Арайлым Еркебаева