Арзандатылған және импортталған астықты ұн тарту операторларына жөнелту қалай реттеледі?

479

Меморандумға қол қойған 16 өңірдің ішінде СҚО ұн тарту операторын әлі анықтамаған.

Арзандатылған және импортталған астықты ұн тарту операторларына жөнелту қалай реттеледі? Фото: inbusiness.kz

Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен Үкіметте әлеуметтік азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша кезекті кеңес өтті, деп жазады inbusiness.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сауда және интеграция министрлігіне қарасты Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабековтың сөзінше, биыл 20 қазанда арзандатылған астықты жеткізуге арналған меморандумдарға 16 өңір қол қойған. Астық пен ұнды әкетуді 12 облыс жүзеге асырып жатыр. 

"Азық-түлік корпорациясымен меморандумдарға қол қойған 16 өңірдің ішінде Солтүстік Қазақстан облысы әлі күнге дейін ұн тарту операторын анықтаған жоқ. Тиісінше жеткізу шартына қол қоймады әрі төлем жасаған жоқ. Алматы мен Ұлытау облысы да төлем жасамады, салдарынан ұн тартатын кәсіпорындарға астық жеткізу кешіктіріліп жатыр", - деді ол.

Ақпаратқа сәйкес, Азық-түлік корпорациясының резервтерінен бөлінген арзандатылған астық әлеуметтік нан дайындауға, оның тұрақты бағасын қамтамасыз етуге қажет.

Ресейлік астық импорты туралы айтар болсақ, ҚТЖ деректері бойынша ұн тартатын кәсіпорындар биылғы қазан айында 274 мың тонна астық әкелуге өтінім берді. 

"Алайда 20 қазанда іс жүзінде 57 мың тонна ғана келген. Оған ұн тартатын кәсіпорындар тарапынан астық үшін уақтылы төлемнің жасалмауы себеп. Қыркүйек айында әкелінген импорттық бидай көлемі 107 мың тоннаны құрады", - делінген хабарламада.

Ресейдің бидайы отандық кәсіпорындарға ұн мен макарон өнімдерін өндіруге қажет.

Енді "ҚТЖ" ҰК" АҚ Азық-түлік келісім-шарт корпорациясымен, Ауыл шаруашылығы министрлігімен және өңірлердің ұн тарту операторларымен бірлесіп, арзандатылған қазақстандық және импорттық ресейлік астықты ұн тарту кәсіпорындарына жеткізуді жедел реттеу үшін күн сайын селекторлық кеңестер өткізетін болады.

Келесі мәселе жұмыртқа бағасының өсуіне арналды.  Ол бір аптада 1,4%-ға қымбаттаған. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Болат Сәмбетовтің сөзінше, монополияға қарсы талдау аясында жұмыртқа бағасын қалыптастыру барысында сауда желілері мен құс фабрикалары тарапынан бірқатар бұзушылықтар анықталып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу