Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов денсаулық сақтау саласындағы қаржыландыру мәселесі одан әрі күрделене түскенін жеткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қаңтардың соңында үкіметтік сағат өтеді, онда денсаулық сақтау министрлігінің есебі тыңдалады. Сол кезде Президент тапсырмалары мен өткен жылғы шешімдердің қалай орындалғаны анықталмақ. Бірақ қазірдің өзінде бір нәрсе анық, денсаулық сақтау саласындағы қаржыландыру мәселесі шешілудің орнына одан әрі күрделене түскен", – деп жазды Аймағамбетов өзінің Телеграм арнасында.
Депутат негізгі екі мәселеге тоқталды.
"Мемлекет өздері үшін төлеуге мүмкіндігі жоқ 15 санаттағы азаматтар үшін Қорға жарналарды төлейді. Алайда заң бойынша (26-бап), жарналар орташа жалақы негізінде есептелуі тиіс. Іс жүзінде есептеулер медианалық жалақы негізінде жүргізіліп жатыр. Салдарынан тек 2024 жылы ауруханалар 300 млрд теңгеден қағылды. Бұл қаражаттың жетіспеуі неге әкеледі? Ұзын-сонар кезектер, кешіктірілген операциялар, сапасыз қызмет. Бюджеттен қаражаттың жетпеуі медициналық ұйымдардың жұмысын қиындатып, азаматтардың уақытылы ем алуына кедергі келтіріп отыр", – деп атап өтті ол.
Екіншісі – республикалық бюджет туралы заңның бұзылуы.
"Бұл енді мүлдем ақылға сыймайтын жағдай. Тіпті заңсыз медианалық жалақы бойынша есептелген азайтылған сомалар да толық төленбеді. 2024 жылы ауруханалар тағы 252 млрд теңге ала алмады. Жиынтық қаржыландыру тапшылығы 2024 жылы 550 млрд теңгеден асты. Бұл виртуалды ақша емес. Бюджеттен бөлінбеген қаражат – мыңдаған операциялар, реабилитация, дәрі-дәрмектер, ауруханалардағы кезектер, МРТ, КТ және біздің азаматтарымыз үшін өмірлік маңызды басқа да емдеу шаралары. Егер мемлекет азаматтардан өз жалақысынан ай сайын жарна төлеуді талап етсе, ол өз міндеттерін де бірінші орындауы тиіс. Екіжүзді ереже халықтың сенімін төмендетіп қана қоймай, денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығына кері әсер етеді және медициналық қызметтерді қолжетімсіз етеді", – деді Мәжіліс депутаты.