Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Вице-министрдің мәлімдеуінше, пилоттық режимдегі Ashyq мобильді қосымшасын 235 мың қолданушы жүктеген.
"Пилоттық режимге 619 нысан қатысты. Оның ішінде, фитнес-клубтар, йога, СПА орталықтары, бассейндер, компьютер клубтары болды", – деді Әсет Тұрысов.
Естеріңізге салайық, Ashyq мобильді қосымшасын "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі және денсаулық сақтау министрліктерінің тапсырысымен отандық IT-компания әзірледі. Мобильді қосымша Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды қалаларындағы қызмет көрсету нысандарында іске қосылды.
Біле жүріңіз, Ashyq мобильді қосымшасы QR-код арқылы келушінің вирус тасымалдаушысы емес екенін анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ нысандардың халықты қабылдауға әзірлігін және олардың санитарлық талапқа сәйкестігін көрсетеді.
Қанат Махамбет