Асқар Мамин ЕО елшілерімен кездесу өткізді

723

Қазақстанның Еуропалық Одақпен ынтымақтастығының перспективалары талқыланды.

 Асқар Мамин ЕО елшілерімен кездесу өткізді

Премьер-министрі Асқар Мамин Инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша диалог алаңы шеңберінде Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының басшыларымен кездесу өткізді. Бұл туралы үкімет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.

Үкімет басшысы Қазақстанның жаһандық экономикалық дағдарыс пен пандемия жағдайында экономиканы одан әрі дамытуды қамтамасыз ету бойынша қабылдап жатқан шаралары туралы айтты.

"Қазақстанның 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары әзірленді, ол өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығында қосылған құны жоғары экспортқа бағдарланған өндірістерді ұлғайту, жеделдетілген цифрландыруды жүргізу, денсаулық сақтау жүйесін нығайту, инфрақұрылымның сапасы мен қолжетімділігін жақсарту жөніндегі шараларды, сондай-ақ басқа да аспектілерді көздейді", – деді А.Мамин.

Асқар Мамин Еуропалық Одақ елшілерін Қазақстанның ЕО-мен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығын қолдау бойынша одан әрі ашық және белсенді диалогқа шақырды. 

Өз кезегінде, отырыста сөз сөйлеген ЕО елшісі Свен-Олов Карлссон, Германия елшісі Тило Йоханес Клиннер, Нидерланды елшісі Андре Карстенс Қазақстан экономикасының тұрақтылығын және ҚР Үкіметі қабылдаған дағдарысқа қарсы шаралардың жүйелілігін атап өтті.

Тараптар пандемия салдарын еңсеру және экономиканы қалпына келтіру мәселелері бойынша Қазақстанның Еуропалық Одақпен ынтымақтастығының перспективаларын талқылады. Денсаулық сақтау саласындағы өзара іс-қимыл, "жасыл экономиканы" дамыту және климаттың өзгеруіне қарсы күрес, АӨК, өңдеу өнеркәсібі, көлік, энергетика, инфрақұрылымдық құрылыс салаларында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері қаралды.

Биылғы жылдың 1 наурызында күшіне енген Қазақстан мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді кешенді іске асыруға ерекше назар аударылды. Бұл құжат сауданы, инвестицияны, инновацияларды және инфрақұрылымдық дамуды қоса алғанда, 29 саланы қамтиды.

Кездесуге ҚР Үкіметінің мүшелері, "Атамекен" ҰКП, "Kazakh Invest" ҰК" АҚ, "Бәйтерек" ҰБХ", "ҚазАгро" ҰБХ" басшылығы, Еуропалық Одақтың, Германия, Нидерланды, Бельгия, Румыния, Эстония, Польша, Швеция, Италия, Словакия, Испания, Литва, Хорватия, Чехия, Греция, Болгария, Финляндия, Венгрия, Франция елшілері, Португалия, Австрия, Латвия өкілдері және т. б. қатысты.

ЕО Қазақстанның негізгі инвесторларының бірі және ірі сауда серіктесі болып отыр. Ағымдағы жылдың 8 айында тауар айналымы $15,5 млрд құрады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу