Астана әкімдігі елордадағы сұйытылған газ дағдарысына қатысты түсініктеме берді

1171

Әзірге "көгілдір отын" бас қалаға құбырмен жеткізілмейді. Сондықтан Астананың бүкіл инфрақұрылымы, газды балонмен тұтынатын тұрғындары цистерналарға тәуелді.

Астана әкімдігі елордадағы сұйытылған газ дағдарысына қатысты түсініктеме берді

Қала басшылығының мәлімдеуінше, отынның осы түрін сатуға қойылған шектеуді бір тәулік ішінде жою жоспарлануда, деп хабарлайды abctv.kz.

Астана қаласының отын-энергетикалық кешен және коммуналдық шаруашылық басқармасының түсіндіруінше, туындаған жағдай қаланы сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз етумен байланысты болып отыр. Күйзелісті жағдайға зауыттағы ахуал "кінәлі" көрінеді.

"Энергетика министрлігі Астанаға қажеттіліктерін өтеуі үшін ай сайын 6 мың 700 тонна көлемде сұйытылған газ бөліп отырады. Әкімдік өткен қазан айында-ақ жеткізілетін сұйытылған газ көлемін арттыру қажеттілігін айтып, өтініш берген болатын. Содан энергетика министрлігі қазан айында Астана әкімдігіне 7 мың тонна көлемінде "көгілдір отын" бөлуді бекітті. Алайда сол газды жеткізу кезінде Павлодар мұнай-химия зауыты тарапынан проблемалар туындады: өтініш берілген газ көлемін "ПМХЗ" ЖШС бекітілген кестеден кешігіп жөнелтті. Бұған зауыттағы каталитикалық крекинг құрылғысының жұмыс жасамай, тоқтап қалуы себеп болған. Ол құрылғы зауыттағы сұйытылған мұнай газының 70%-ын өндіреді", – деп мәлім етті ведомство.

Ал энергетика министрлігінің мәліметінше, Павлодар МӨЗ-індегі әлгі құрылғыны жөндеуге 8 тәулік кеткен. Сәйкесінше, газды Астанаға және басқа да өңірлерге жіберу тек 22 қазанда басталған.

Осы уақыт ішінде елорда өз қорының үлкен бөлігін тұтынып қойған. 

Өз кезегінде елорда әкімдігі "көгілдір отын" дағдарысынан әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер зардап шекпегеніне сендіреді.

"Аталған кезеңде Астанада сұйытылған газ бойынша тапшылық туындады. Осыған байланысты бірқатар газ құюшы стансаларда шектеу енгізілді. Бірақ халықты, тұрғын үйлерді қамтуда және баллондық газбен қамтамасыз етуде шектеу болған жоқ", – деп хабарлады қалалық отын-энергетикалық кешен және коммуналдық шаруашылық басқармасы.

Алда мұндай күйзеліске қайтадан килікпеу үшін Астана әкімдігі осы басталған қараша айына газдың қосымша көлемін бөлгізуге қол жеткізуде. Осы мақсатта ол тиісті өтініш енгізіпті.  Энергетика министрлігі ол өтінішті қарағаны және соның негізінде елорда қажеттіліктері үшін жеткізілетін сұйытылған газды 7 мың 700 тоннаға дейін арттырғаны жөнінде хабардар етті. Оның ішінде 5 мың 293 тоннаны СНПС, 2 мың 407 тоннаны – ПМХЗ бөлетін болды.

Үкімет дерегінше, қазіргі уақытта сұйытылған газ өндіруші барлық зауыттар штаттық режимде жұмыс жасауда. Әлдеқалай жағдай бола қалмаса, қараша айында оларда жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарда жоқ.

"Вагондар Астанадағы газбен толтырушы стансаларға ұдайы келуде. Сондай-ақ елорда бағытында жолда келе жатқан вагондық цистерналар да бар. Сұйытылған газды сату бойынша шектеу тәулік үдерінде алынып тасталады деп жоспарлануда", – деп нықтады қалалық басқарма.

Айта кету керек, әзірге "көгілдір отын" бас қалаға құбырмен жеткізілмейді. Сондықтан Астананың бүкіл инфрақұрылымы, газды балонмен тұтынатын тұрғындары цистерналарға тәуелді. Бұл олқылықты елбасы жариялаған "Сарыарқа" газ магистралі шешеді деп күтілуде. Бірақ онымен келетін отын бағасының қымбаттығына қатысты мәселелердің барлығы айтылуда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу