Баскетболдан "Астана" кәсіби клубы Бірыңғай ВТБ лигасындағы жылдың соңғы матчын сырт алаңда, Польшаның "Стелмет Зелена Гура" командасына қарсы өткізеді, деп хабарлайды Olympic.kz.
"Стелмет Зелена Гура" — Польшадағы кәсіби баскетбол клубы. 1946 жылы құрылған команда ВТБ лигасынан бөлек, Польша чемпионатында да сынға түседі. Ал "Астана" қазіргі сәтте турнир кестесінің 11-орнында келеді.
Маусым басталғалы бері елордалықтар үш рет жеңіске жетіп, алты рет ұтылған. Ал қарсылас команда жетінші сатыға орналасқан.
Бірыңғай ВТБ лигасында "Астана" мен "Зелена Гура" екі рет кездесіп, екеуінде де біздің команда жеңіске жетті.
Матч 23 желтоқсан күні, сағат түнгі 00:30-да басталады.