Астана тұрғындарының 85% ғана МӘМС-ке тіркелген

283

Ал 250 мыңнан астам адам сақтандыру жарналарын төлемей отыр.

Астана тұрғындарының 85% ғана МӘМС-ке тіркелген Фото: Inbusiness.kz

Алайда бас қаладағы медициналық ұйымдардың қызметі де 100 пайызға жетіп тұрған жоқ. Биылдың өзінде қомақты сомаға біраз бұзушылық анықталған. Бүгін елорда әкімдігінің өңірлік штабында медициналық сақтандыруға қатысты мәселелер талқыланды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Қала әкімінің орынбасары алдымен тұрғындар МӘМС жүйесімен толық қамтылмағанына тоқталды. Астаналықтар 1 млн 409 мың 497 адам болса, соның 1 млн 123 мың 297-сі ай сайын сақтандыру қорына жарна аударады. Елорда әкімдігі бұл мәселені шешу жолдарын ұсынды.

"198 мың адам А, В, С тобына кіреді. Бұл тұрғындардың әлеуметтік жағдайына қарай жасалған әдістеме. Біз олардың жасырын жұмысын көлеңкеден шығаруымыз керек. Екінші бағыт бойынша 132 мың адам С, Д, Е тобына кіреді. Оларды жұмыспен қамтып, жұмыссыз ретінде тіркеу арқылы жеңілдік берілген санатқа енгізу жұмыстарын жүргізу керек", - деді "ӘМСҚ" Астана қаласы бойынша филиалының директоры Ербол Бекмұхамбетов.

Одан бөлек, жиналғандар арнайы баннерлер жасап, тұрғындарға МӘМС-тің артықшылықтары туралы жадынама тарату туралы ұсыныс та айтты. Алайда, елорда әкімінің орынбасарының пікірінше, бұл елді жарна төлеуге міндеттей алмайды. Сондықтан ең әуелі медициналық сақтандыру жүйесінен қашқақтап отырғандардың тұлғасын анықтауымыз керек, дейді.

"Міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне кірмейтін 255 мың адам олар экономикалық белсенді тұрғындар. Бұл елорданың экономикалық белсенді азаматтарының 40 пайызы. Қарап отырсақ, ойланатындай сандар. Ресми түрде Астанадағы жұмыссыздық 4,4 пайыз. Сандармен алсақ 30 мыңға жуық адам. Олардан 8 мың адам  жұмыспен қамту орталығында тіркелген. Яғни, бұл адамдар үшін мемлекет жарна төлеп отыр. 22 мың жұмыссыз сақтандырумен қамтылмаған. Бұл 255 мың адамның 10 пайызы. Сонда қалған 230 мың адам қайда? Олар кімдер? Неге жарна аудармай отыр? Соны анықтауымыз керек", - дейді Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов.

Жалпы биыл бірінші қарашаға дейін сақтандыру қорына Астана қаласы бойынша 67 млрд теңге ақша аударылған. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, 172 нысан медициналық қызмет көрсетіп отыр. Оның ішінде мемлекеттік те, жеке меншік те ұйымдар бар. Ал 10 айда медициналық ұйымдарда 2 млрд теңгеге жуық бұзушылық анықталған. Бұл МӘМС сапасы әлі де ақсап тұр дегенді білдіреді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу