Астанада Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) қолдауымен ұйымдастырылған жарыстардың салтанатты ашылуы өтті. Мұндай деңгейдегі турнирлер ел астанасында алғаш рет бір уақытта ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл қазақстандық спортшылар үшін жаңа мүмкіндікке жол ашады – олар алғаш рет ел аумағынан шықпай-ақ халықаралық рейтингтік ұпай жинай алады. Ұйымдастырушылар мұндай ауқымдағы жарыстарды өткізу ат спортының дамуына және халықаралық спорттық ынтымақтастықты нығайтуда маңызды қадам болатынын атап өтті.
29 мамыр күні таңертең Астанада FEI Jumping World Challenge Final 2026 алғашқы іріктеу жарысы басталды. Халықаралық турнир әртүрлі елден келген қатысушылардың басын қосып, FEI әлемдік челлендж финалының негізгі кезеңдер сериясын ашты.
Алғашқы іріктеу жарысы биіктігі 115 сантиметрлік бағыт бойынша өтті – бір уақытта қайта секірусіз тазалық пен жылдамдыққа сынға түсті. Қатысушылар жоғары дайындық деңгейін, қашықтан дәл өту шеберлігін және тұрақты техникасын көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды CHAMPIONS LEAGUE сәйгүлігімен Хуршидбек Алимджанов иеленді. Екінші орын KING DIAMOND тұлпарымен Бекжан Байжанұлына бұйырды. Үшінші орынды D’ARTAGNAN Z атымен Ринат Галимов алды. Сондай-ақ үздік бестікке KIRA VAN DE LAREN Z тұлпарымен Ринат Галимов және CLUE GOLD атымен Раиса Соколенко енді.
Сонымен қатар Challenge финалы аясында кедергілер биіктігі 115 сантиметр болатын тағы бір іріктеу жарысы өтті. Бұл бағыт алғашқы жарыс күнінің негізгі оқиғаларының біріне айналды. Қатысушылар атпен үйлесімді жұмысты, дәлдік пен жылдамдықты көрсету үшін аренаға шықты.
Жарыс жеңімпазы FLORIZELL сәйгүлігімен Бекзод Розмұхамедов атанды. Екінші орынды OLZA атымен Бернардо Краус Герра иеленсе, үшінші орын HI DIARADO сәйгүлігімен Эйми Коллинсонға бұйырды.
Кейін салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитетінің бас директоры Нұрлан Ногербек сөз сөйледі. Ол спортшыларды, жаттықтырушыларды, төрешілер мен жарыс қонақтарын құттықтап, турнирдің халықаралық мәртебесі мен спортты дамытудағы маңызын атап өтті.
"Құрметті қонақтар, спортшылар, жаттықтырушылар, төрешілер және ұйымдастырушылар! Астанада осы спорт түрінің мықты өкілдерімен бірге халықаралық ат спорты жарысында бас қосып отырмыз. Бүгін мұнда әртүрлі елден келген қатысушылар жиналды. Бұл спорттың достық, құрмет және өзара түсіністіктің әмбебап тілі болып қала беретінін тағы бір мәрте дәлелдейді. Осындай турнирлер кәсіби спортты дамытып қана қоймай, халықаралық байланысты нығайтады, мәдени тәжірибе алмасуға ықпал етеді және жас ұрпаққа шабыт береді. Алдағы күндер тартысты бәсеке, әділ сайыс, жаңа жетістіктер мен ұмытылмас әсер сыйлайды деп сенемін", – деді Нұрлан Нөгербек.
Қазақстанның ат спорты құрамасының аға жаттықтырушысы Азамат Хасенов ұлттық құраманың халықаралық жарыстарға дайындық жүргізіп жатқанын және команда Ташкент пен Бішкектегі Әлем кубогы кезеңдеріне қатысып үлгергенін айтты. Оның сөзінше, Астанадағы қазіргі жарыстар қазақстандық спортшылар үшін маусымның жалғасына айналды.
Ол турнирде ел намысын Қазақстанның негізгі және ұлттық құрамалары сапына кіретін оннан астам шабандоз қорғап жатқанын атап өтті. Сондай-ақ жаттықтырушы спортшылар іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, финалда лайықты нәтиже көрсетеді деген үміт білдірді.
"Әрине, біз жақсы нәтиже күтеміз. Көрсеткіш жоғары болып, спортшыларымыз лайықты орындарға ие болады деп сенемін", – деді Азамат Хасенов.
Жаттықтырушының айтуынша, турнирдің басты оқиғасы жексенбі күні өтетін Әлем кубогы кезеңінің финалы – Гран-при жарысы болмақ. Онда спортшылар биіктігі 160 сантиметрге дейінгі кедергілерден өтеді. Ол сондай-ақ Астанада үш күн бойы бір мезгілде бірден үш ірі жарыс – Әлем кубогының кезеңі, челлендж финалы және ат үйрету жарыстары өтіп жатқанын айтты.
Азамат Хасенов мұндай деңгейдегі челлендж финалы Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отырғанын да атап өтті. Бұл жарыстар аясында қатысушы елдерге аттар жеребе арқылы бөлінеді, ал барлық жануар алдын ала қатаң іріктеуден және төрешілер тексерісінен өтіп, қатысушыларға тең жағдай жасалады.
Беларусь құрамасының жаттықтырушысы Юрий Якимук беларусьтік команда Астанадағы әлемдік челленджге алғаш рет келгенін айтты. Оның сөзінше, спортшылар бұл жарысқа арнайы дайындалмаған, өйткені негізгі дайындық Беларусь ішіндегі турнирлерге бағытталған. Сондықтан қатысушылар жеребе нәтижесінде берілген аттарға сол жерде тез бейімделуге мәжбүр болған.
Ол жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және қазақстандық тараптың қонақжайлығын ерекше атап өтті. Жаттықтырушының айтуынша, қатысушыларды әуежайдан қарсы алып, трансфер мен орналастыру мәселесі толық ұйымдастырылған, соның арқасында команда толығымен жарысқа дайындыққа көңіл бөле алған.
"Бізді өте жылы қарсы алды, ерекше әсер алдық. Шынымен де, барлығы өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Қарсы алып, орналастырды, ешқандай қиындық болған жоқ", – деді Юрий Якимук.
Жаттықтырушы челлендж аясында спортшыларға аттар жеребе арқылы берілетінін де түсіндірді. Беларусь спортшыларына жергілікті аттар түскен. Якимуктің айтуынша, жеребе ашық әрі әділ өткен, содан кейін спортшылар жарысқа дайындықты бастаған. Оның айтуынша, Беларусь атынан турнирге екі жас спортшы – Анастасия Долгова мен Дарья Верей қатысып жатыр. Жаттықтырушы қыздардың халықаралық аренада лайықты нәтиже көрсететініне үміт білдірді.
Сондай-ақ Юрий Якимук Астана қаласынан алған әсерін жеткізді. Команда Қазақстанға тікелей рейспен келіп, қаланы аралап, елорданың жаңа аудандары мен көрікті жерлерінде қыдырып көрген.
"Қаланы көру қызық болды. Оның дамып, жаңарып жатқанын байқадық. Біз көрікті жерлерді көріп, Астананы аралап шықтық", – деді жаттықтырушы.
Якимуктің сөзінше, спортшылар барынша тыңғылықты дайындалып, өз мүмкіндіктерін толық көрсетуге ниетті. Ол әлемдік челлендж аясында қатысушылар іріктеу бағыттарынан өтетінін, ал финалдық жарыстарда биіктігі 120 сантиметрге дейінгі кедергілерден секіретінін айтты. Ал Әлем кубогы кезеңдерінде спортшылар 160 сантиметрге дейінгі кедергілерді бағындырады.
Астанадағы жарыстар 31 мамырға дейін жалғасады.