Астана LRT басшылығы қоғамдық көлік жүргізушілерінің қызметтері мен еңбек ету міндеттеріне қатысты проблеманы алға қойды, деп хабарлайды Елорда Инфо.
"Қазіргі күні жүргізушілер кондуктор қызметін қоса атқарады. Осы орайды олардың қызметтік функциясын қайта қарап жалақыларын соған сәйкес есептеу керек. Біздегі жүргізушілердің 80% өңірден келгендер, әрине олардың басты проблемасы – баспана. Сондықтан да бұл жерде мәселені кешенді түрде шешу керек. Сондай-ақ, біз жүргізушілердің қызметтік имиджін көтеру мақсатында олардың зейнеткерлікке шығу жасын төмендетуді ұсынудамыз", – дейді Астана LRT транспорт мамандарының біліктілігін арттыру орталығының директоры Жеңіс Жалбыр қалалық мәслихаттың отырысында.
Орталық басшысының сөзіне қарағанда, елордада қоғамдық көлік жүргізушілерге тапшылық бар.
"Автобус жүргізушілері еңбек туралы заңға сәйкес жұмыс істемейді. Олар тиісті нормадан артық жұмыс істегендіктен дұрыс демалмайды. Бұның барлығы автобус жүргізушілердің жетіспеушілігінен. Бүгінде қаладағы 8 автопаркте барлығы 1 678 жүргізуші жұмыс істейді, бізге тағы 790 автобус жүргізушісі керек. Егер автопарктерге субсидия берілсе, тапшылық мәселесі аз да болса шешіледі", – деді ол.
Сондай-ақ, Жеңіс Жалбыр жұмыс істеп жүрген автобус жүргізушілерінің жүйке жүйесінің адамдармен жұмыс істеуге шыдай бермейтінін айтады.
"Олар таңғы 5-те жұмысқа шыққаннан кешкі 10-11-ге дейін тоқтаусыз жүреді. Одан кейін, автобустың жанармайын құйып, оны жуып ертеңге дайындап қояды. Үйіне барамын дегенше түнгі 2-ге таяйды, содан 2-3 сағат ұйқыдан соң қайта тұруға тура келеді. Қоғамдық көліктерге қатысты апатты жағдайлардың жиі орын алатындығы осыдан. Біз осы тұрғыда талдау жұмыстарын жүргіздік, оның нәтижесі бойынша 72% жүргізушінің жүйке жүйесі адамдармен жұмыс істеуге және оларды тасылмауға сәйкес келмейді. Талап бойынша олар жол бойы 360 градуста жан-жағын бақылауда ұстап отыруы қажет", – деді ол.