Астанада LRT-ның орнына трамвай салу ұсынылды

1749

Астаналық сәулетші Әмір Әбілов LRT құрылысының орнына трамвай қоғамдық көлік желісін салуды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеп. 

Астанада LRT-ның орнына трамвай салу ұсынылды

"Елордада метро болса деген бала күнгі арнаным болған. Дегенмен метро салу оңайға соқпайтынын біліп, трамвай көлігі есіме түсті. Трамвай метро мен LRT-ға қарағанда әлдеқайда арзанға түседі. Трамвай – әмбебап көлік және Еуропа елдері оны қайта жандандырып жатыр. Трамвай көлігінің даму тарихы өткен ғасырдың 20 жылдарына сәйкес келеді. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін трамвайға сұраныс азайып, жеңіл автокөлік жүйесі дами түсті. Адамдар машина алып, жолдар да соған сай салына бастады. 90-шы жылдары еуропалықтар жеңіл автокөлік санының көбеюіне байланысты, жолдарды кеңейту мәселені шешпейтінін түсінді. Осылайша, адамдарды жеңіл көліктен бас тартып, қоғамдық көлікке отырғызу идеясы туындады. Аталған идея бір жағынан кептеліс проблемасын шешсе, екінші жағынан қаланың экологиясын жақсартады", – деді Ә. Әбілов.

Оның айтуынша, елорданың көшелері трамвай көлігінің желісіне ыңғайлы. "Мен трамвай желісінің жобасын әзірлеп те қойдым. Оны кезең бойынша жүзеге асыруға болады. Мысалы, жаңа мешіттен ЭКСПО-ға дейін, Қабанбай батыр даңғылынан Самал шағын ауданына дейін және Республика даңғылынан ескі вокзал ауданы яғни Гете көшесіне дейін трамвайды іске қосуға болады. Одан әрі істің қалай жүретінін қадағалау арқылы көлік желісін жетілдіре түсуге болады", – дейді ол.

Сәулетші өз жобасын әзірлеуде Батыс Еуропаның трамвай желісін негізге алған.

"Меніңше, елордада мектеп жетіспейді. Себебі тұрғын үй кешендерінің саны артып жатыр. Осы орайда қоғамдық орындарды көбейту қажет. Әрине, қала тұрғыны және сәулетші ретінде тұрғындар мен қала қонақтары үшін ыңғайлы инфрақұрылымның болғанын қалаймын", – дейді астаналық сәулетші.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев LRT құрылысын сынға алып, ол бойынша оңтайлы шешім қабылдау қажеттігін айтқан еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу