Қазақстанның Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Жарасбаев Серік пен Үндістанның мемлекеттік Сыртқы істер және мәдениет министрі Минакаши Лекхи мүсінді бірге ашты.
Үндістанның мемлекеттік Сыртқы істер және мәдениет министрі Минакаши Лекхи Премьер-Министр Нарендра Модидың арнайы өкілі ретінде АӨСШК саммитіне қатысу үшін келген.
Махатма Ганди – Үндістаннан шыққан 20 ғасырдың белді де, беделді саясаткері. Оның зорлық-зомбылыққа қарсы философиясы адамзатқа қалдырған рухани мұра іспетті. Қайраткердің мүсіні Есіл өзенінің бойындағы аллеяға орнатылды. Іс-шара Қазақстан мен Үндістан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 30 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр.
Айта кету керек, биыл Делиде хәкім Абай Құнанбайұлына ескерткіш бюст қойылған болатын. Бұл – Қазақстанда Махатма Гандиге арнап орнатылған екінші ескерткіш. 2003 жылы Алматыда Махатма Гандиге мүсін орнатылған болатын.
"Бұл екі мүсін де біздің ұлы халықтарымыздың ерекше сипаттамасын білдіреді. Дәл осы уақытта мүсіннің орнатылуы өте маңызды, өйткені Үндістан тәуелсіздігіне 75 жыл және Үндістан мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылуына 30 жыл толып отыр. Қазақстан астанасындағы Махатма Гандидің мүсіні халықтар арасындағы тығыз байланысты одан әрі нығайтады", – деді Минакаши Лекхи мүсіннің ашылу салтанатында.