Астанада тұрғын үйдің қасбеті құлап кетуі салдарынан ауыр жарақат алған 23 жастағы фельдшер ауруханада қайтыс болды. Бұл туралы Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"18 қарашада өзінің кәсіби міндеттерін орындау кезінде ауыр жарақат алған фельдшер – әріптесіміз қайтыс болғанын қайғыра хабарлаймыз. Тұрғын үй кешенінің сыртқы кірпіш қаптамасының бір бөлігі құлаған кезде зардап шеккендерге медициналық көмек көрсете отырып, өзі де ауыр жарақат алып, өте ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді", – деп жазды Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында.
Әлия Рүстемованың айтуынша, дәрігерлер 8 қарашадан бері Ұлдана Мырзуанның өмірі үшін күресіп, қажетті медициналық көмекті көрсетті.
"Басқарма ұжымы мен медициналық қауымдастық атынан марқұмның туған-туыстарына, жақындарына шын жүректен көңіл айтамыз. Қайғыларыңызға ортақпыз", – делінген хабарламада.
Айта кету керек, бұған дейін Астанада тұрғын үй қасбеті құлап кетуі салдарынан зардап шеккен фельдшердің жағдайы өте ауыр екенін жазғанбыз. ІІМ елордадағы төтенше жағдай бойынша күдіктілер әлі анықталмағанын хабарлады.