Астанадағы су құбырының 41 пайызын ауыстыру қажет

471

Тұрғанына 20 жылдан асқан құбырлар 1 жылда 2-3 рет жарылып, 3 учаскеге апаттық жағдайда, деген баға берілді.

Астанадағы су құбырының 41 пайызын ауыстыру қажет

"Астана су арнасы" жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ескірген құбырларды ауыстыру үшін шілде айында тарифті 90-нан 105 теңгеге өсірген еді. Қымбаттаған тариф есебінен бөлінген қаржы тиісті жеріне жетті ме?

Жылыой көшесі, Қараөткел шағынауданы және Шарль де Голль көшесінен Әлиев көшесіне дейін  осы 3 бірдей учаскедегі су құбырының ескіргені сонша, 1 жылда 3 рет апат болыпты. Жалпы басқаладағы су құбырының 41 пайызы тозған болса, аталған аймақтардағы 400 шақырым құбырды дереу ауыстыру қажет.

"Көлденеңінен бұрғылау әдісі арқылы құбыр орнату үшін бүкіл аймақты ашып-қопарудың қажеті жоқ. Жолдарды жауып, жергілікті халықтың да мазасын алмайсың. Құбыр ауыстырылмайды, ескінің қасынан жаңасы төселеді. Сондықтан ол жылдам әрі тиімдірек. Егер қазір тұрған учаскені түгел қазып тастасақ, жобаға әлдеқайда көп қаржы керек болар еді. Яғни, 30 пайыз артық шығыннан құтылдық деуге болады", - деді "Астана су арнасы" МКК директорының өндіріс бойынша орынбасары Ержан Шәріпов.

Бастапқыда су құбыры және кәріз желілерін қайта құрылымдау үшін биылға 937 миллион теңге қарастырылған. Алайда заңнамадағы өзгерістерге байланысты, яғни көтерілген тариф жауапты мекемені инвестициялауға кететін болғандықтан, жобаның жалпы сомасы 2,1 миллиардқа дейін көтерілді. 8 ай ішінде оның 700 миллионы игеріліпті. Қалалық мәслихат депутаттары мен қоғам белсенділері қыруар қаржы бөлініп отырғандықтан, елордадағы су мәселесі 2-3 жылдың көлемінде шешілуі тиіс,-деп санайды.

"600 миллиард деп айттым ғой. 3 есе көбейіп отыр 1 шілдеден бастап 2,1 миллиардқа. Қазір бұлардың жұмысы осы ақшаны биыл игеріп үлгеру. Өндіріс бойынша орынбасарының баяндамасын тыңдадық. Негізі сараптап келсек, үлгеретін жағдайлары бар. Жұмыс күші бар, жалақыларын биыл өсірдік. Техника бар, ниет бар. 25-ші жылға дейін жоспарларын орындайды деп ойлаймыз", - деді Астана қаласы мәслихатының депутаты Адамбек Кендебай.  

"Осының бәрі жаңағы айтып отырған тозықтың бәрін азайтады. Жыл сайын бір процентке кем емес, 1,5 процентке дейін тозық азаяды. Соның арқасында Астана су арнасының жұмысы қалыпқа келуі тиіс деп ойлаймын", - деді қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Марат Мұстафин.

Тарифтің көтерілуі "Астана су арнасындағы" бірқатар мәселені шешуге сеп болыпты. Мәселен, жұмысшылар айлығы 30 пайызға көтеріліп, орташа жалақы  309 мың теңге көлемінде тұрақталған. Биылға бөлінген қалған ақша су құбырларының апаттық учаскелерін қайта құрылымдауға, тозған сорғы жабдығын ауыстыруға және кәсіпорын нысанына қажет жабдықтарды сатып алуға жұмсалуы тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу