Атырау облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері өзгеше акция өткізді. Олар еріктілермен бірге қаладағы ықшам аудандарды, көшелерді аралап, өтіп бара жатқан адамдарға "Есірткіге жол жоқ!" логотипі бар бетперделер таратты. Мұндағы мақсат коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алумен қатар, азаматтарға, соның ішінде, жастарға есірткінің зияны туралы ақпаратты жеткізуді көздейді.
"Маскаларды міндетті түрде киюді ешкім де өзгерткен жоқ, бірақ, біз акция барысында бетпердесіз жүргендерді жауапкершілікке тартпай, қауіпсіздік шараларын мүлтіксіз сақтау қажеттігін және нашақорлықтың алдын алу мақсатында жастарға есірткінің зияны туралы да түсіндірдік", – дейді Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция полковнигі Марат Тағаниязов.
Тұрғындар полиция қызметкерлерінің бастамасына оң көзқараспен қарап, берілген ұсыныстарды мұқият тыңдап жатты. Жалпы саны осындай бір жарым мың бетперде таратылған.
Құралай Қуатова