Атырауда балабақшаны тамақпен қамтамасыз ететін кәсіпкерлер шағымданды

1176

Азық-түлік бағасының өсуі балабақшадағы ас мәзіріне де әсер етуде. Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасына жүгінген бір топ кәсіпкер бұрынғы белгіленген тағам бағасына баланы тойғанша тамақтандыру мүмкін еместігін алға тартты, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.  

Атырауда балабақшаны тамақпен қамтамасыз ететін кәсіпкерлер шағымданды

Белгілі болғандай, мектепке дейінгі ұйымды тамақпен қамтамасыз етуге жарияланған тендер ҚР білім және ғылым министрлігінің 2018 жылғы 31 қазандағы №598 бұйрығына негізделген. Ал байқау шарттарында көрсетілген бағалар қазіргі нарықтағы жағдайға сәйкес келмейді, себебі, азық-түлік құны онда көрсетілгеннен 5-6 есе қымбат тұрады. 

"Қазіргі күні біз тек шығынға қалып отырмыз, егер келісім-шартта көрсетілген міндеткерліктерімізді орындамайтын болсақ, жауапсыз кәсіпкерлер тізіміне еніп кетуіміз мүмкін", - дейді "Қасиет" ЖК басшысы Қасиет Нұрғалиева.    

"Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығы" ЗТБ және ЖК Атырау қаласы бойынша филиалының директоры Гүлхан Өтегенованың айтуынша, қала балабақшаларында ата-анасы баласы үшін айына 10 мың теңге төлейді. Бұл сома 2016 жылдан бері өзгермеген. Оған сәйкес, үш жасқа дейінгі сәбидің бір күнгі тамағына 402 теңге, 3-7 жас аралығындағы балаға  473 теңге жұмсалады. Шындап келгенде, бұған балаларды жөндеп тамақтандыру мүмкін емес. Содан да ата-аналар тарапынан "баламыз балабақшадан қарны ашып шығады" деген шағым жиі айтылуда. 

"Атырау облысында екі жүзге тарта мемлекеттік және жеке балабақша бар. 2021 жылдан бастап қалалық және аудандық білім бөлімдері облыстық білім басқармасына есеп беріп тұратын болды. Оған дейін біз көтеріп отырған мәселе жергілікті әкімдіктермен шешілетін", - дейді облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Айнагүл Дүйсекенова.

Сөйтіп, қалалық білім бөлімі аталған басқармаға балалардың тамақтануын қафта есептеп, 11 322 теңге (3 жасқа дейінгі) мен 14 000 (3 жастан үлкен) деп көрсетеді. Ол бойынша балалардың жас ерекшелігіне қарай бір күнде оның тамағына 518-650 теңге жұмсалуы тиіс еді.  Алайда, биыл сәуір айында бір баланың тамағы айына қайтадан 10 000 теңгеге есептелген бұйрық шығады. Мемлекеттік балабақша басшылары тендерде көрсетілген төмен бағалар статистика  басқармасынан алынған мәліметтерге сүйеніп жасалған болуы ықтимал екенін айтады. Айта кетейік, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын тамақпен қамту құнын қайта қарау жөніндегі мәселе 2017 жылы да көтерілген екен.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Абдолла Идресов көтерілген жайды депутаттар қаперіне беріп, сол деңгейде көтеруді ұсынды. Палата басшысының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаевтың айтуынша, мәселені тек қана ата-ананың ай сайынғы төлемақысын көтеру арқылы шешу орынсыз болмақ, оны тұрғындардың қалтасы көтермеуі де мүмкін. Сол себепті, білім беру нысандарын бағасы тұрақтандыру қорындағы азық-түліктермен қамтамасыз ету жолдарын қарастыру керек. Ондағы алғашқы кезекті тұтынатын азық-түлік бағасы рыноктағыдан төмен, қолжетімді екені белгілі. Кеңес нәтижесінде білім саласындағы тамақтандырумен айналысатын кәсіпкерлерлерге субсидия беру, нормативтерді қайта қарастыру, тұрақтандыру қорының жеңіл бағамен азық-түлік алуына жол ашу, басқа да жайлар талқыланды. Қабылданған шешімдер бойынша бұл мәселе мемлекеттік сатып алу жөніндегі комиссияның күн тәртібіне қойылып, облыс әкімінің атына ұсыныстар жолданатын болды. 

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу