Атырауда мереке күндері "102" қызметіне елуге жуық әйел хабарласқан

931

Олар ішіп алып, жанжал шығарған күйеулеріне шағымданған.

Атырауда мереке күндері "102" қызметіне елуге жуық әйел хабарласқан

Жаңа жылдық мереке күндері, өкінішке қарай, үй-ішінің тыныштығын бұзып, жақындарының мазасын кетіріп отырған абьюзер деп аталатын адамдардың оң жамбасына келген сыңайлы. Атырауда демалыс күндері  "102" операторына отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты қоңырау шалғандар саны күрт өсіп, санаулы күнде елуге жуық хабарлама түскен. 

Белгілі болғандай, тәртіп бұзушылардың дені – ер адамдар және олардың көпшілігі "ұрттап" алған. Мәселен, 1 қаңтар күні түнгі 02 сағат 45 минутта Құлманов көшесіндегі көпқабатты үйлерден хабарласқан әйел күйеуінің мас күйінде жанжал шығарып, маңдайына жарақат салғанын айтқан. Учаскелік инспекторлар азаматшаның қауіпсіздігін қорғау мақсатында оның 35 жастағы некедегі жолдасының үстінен әкімшілік хаттама толтырып, үш тәулікке қамап тастаған. 

Ал 2 қаңтар күні сағат 18:00 шамасында Бірлік поселкесінен жиырмадағы бойжеткен қыз телефон соғады. Оның 42 жастағы әкесі ішімдікке тойып алып, отбасы мүшелерін бездіріп жіберуге айналыпты. Ол кісі мас күйінде болғандықтан алдымен бір тәулікке №2 қалалық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына жатқызылып, оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 73 бабымен әкімшілік хаттама толтырылды. Алайда, сотта қызының әкесіне кешірім беруіне байланысты "үй батырына" ескерту ғана берілген.

"Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық спирттік ішімдіктерді асыра пайдаланудан, жұбайын өзіне бағындырмақ болу ниетінен, қызғаныш салдарынан туындайды,  сондай-ақ, оған отбасылық қатынастағы өзге де даулы себептер ықпал етуі мүмкін. Бұдан бөлек, азаматтық некедегі немесе ажырасып кеткен жұбайлардың бір-бірінің үйіне келіп, жанжал шығаруы да жиі кездеседі", - дейді қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Ерлан Биғамбаев. 

Қалалық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге арналған кризистік орталықтың директоры Айбаршын Жұмағалиеваның айтуынша, қазіргі күні мекемеде 5 әйел 13 баласымен бірге жатыр.

"Полициядан көмек сұраған әйелдердің бәрі бірдей бізге келе бермейді. Орталыққа тек 30 желтоқсан күні Жылыой ауданынан бір келіншек екі баласымен келіп орналасты. Ол бұған дейін де телефон соғып, жағдайын, күйеуінің күн көрсетпейтінін айтқан еді. Бірақ, одан кейін жолдасымен қайта татуласқан. Екеуі ақыры тіл табыспаған сияқты", - дейді А.Жұмағалиева.

Отағасының шәлкем-шалыс мінезінен шаршап, бала-шағасымен бірге ұрып-соққанына төзіп жүрген нәзік жандылардың бәрі бірдей расымен де дағдарыс орталығына жүгіне бермейді. Бұл жерге келу үшін, біріншіден, короновирустың жоғын көрсететін ПЦР-анықтамасы, екіншіден, күйеуінің үстінен жазылған жазбаша арызы болуы керек. Білгеніміз, әйелдер көбінесе бұл арызды жазудан бас тартады екен. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу