Атырау қаласының №2 сотында ұйымдасқан топ мүшелеріне және оларға көмектесушілерге қатысты үкім шықты. 19 адамнан тұратын топ мүшелеріне қатысты қылмыстық іс ұйымдасқан топты құру, сол сияқты оған басшылық ету (ҚК-тің 262-бабының 1, 2-бөлігі), қылмыстық топпен аса ірі мөлшерде ұрлық жасау (188-баптың 4-бөлігінің 1,3-тармағы) деректері бойынша қаралды.
Сотталушылар Мақат локомотив пайдалану депосында жұмыс жасаған. Сол кезде "Nur Otan" партиясынан сайланған облыстық мәслихаттың депутаты Абзал-Сенбі Самаликов Мақат локомотив пайдалану депосының директоры болып тұрған. Самаликовқа Мақат станциясындағы тауарлық теміржол составы цистерналарынан жанар-жағармай ұрлады деген айып тағылды. Кейін тағылған ұйымдасқан топқа ұрлық жасауға көмектескен деп ауысты. Оның депутаттық өкілеттігі Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері оны қамауға алған соң тоқтатылды.
Ал ұйымдасқан топтың көшбасшысы депода слесарь болып жұмыс істеген Мақат ауданы Бәйгетөбе ауылының тұрғыны болған. Сот оның ұйымдасқан қылмыстық топты құрып, олар жөндеуге тұрған тепловоздардан дизель отынын ұрлап, әр литрін 130-135 теңгеге сатып, табысты бөліп отырғанын және олардың тұрақты "клиенттері" болғанын анықтаған.
Ұйымдасқан топ мүшелеріне және оларға көмектесушілерге 2020 жылдың 1 қаңтарынан 1 желтоқсан аралығында "Қ-Л" ЖШС-не жөндеуге келген Мақат локомотив пайдалану депосына тиеселі тепловоздардан 397 тонна дизель отынын жасырын ұрлап, мекемеге 84 млн 61 мың 528 теңге мүліктік залал келтірген деген айып тағылды.
Сотта аталған ұйымдасқан топ мүшелері және оларға көмектесушілер 2020 жылдың 1 қаңтарынан 1 желтоқсан аралығында "Қ-Л" ЖШС-не жөндеуге келген Мақат локомотив пайдалану депосына тиеселі тепловоздардан 311 тонна дизель отынын жасырын ұрлап, мекемеге 65 млн 854 мың 646 теңге мүліктік залал келтіргенін анықталды.
Атырау қаласының №2 сотының баспасөз қызметі сотталушылардың кінәсі өздерінің, куәлардың, аудитор, сарапшылардың жауаптарымен және сараптама қорытындыларымен өз дәлелін тапқанын хабарлады.
Бұған дейін прокурор сотталушыларға 6 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Ал жәбірленушінің өкілі келтірілген зиянды өндіруді талап етті.
Сотталушылар тағылған айыпты ішінара мойындады. Олардың қорғаушылары қылмыс құрамының болмауына байланысты сотталушыларды ақтауды сұрады.
Сот жаза тағайындау кезінде жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушылардың бұрын сотты болмағандығын, асырауында жас балаларының болуын ескерді.
Жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталмауына байланысты ұйымдасқан топ мүшелері кінәлі деп танылып, 2 жылдан бастап 7 жыл аралығында бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Ал ұйымдасқан топқа көмектескен деп айыпталған С.А., Ж.А. әрекеттері ҚК-нің 371-бабының 2-бөлігімен (салғырттық) бабымен сараланып, бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған.
Сонымен қатар ұйымдасқан топқа көмектескен деп айыпталған Ш.Н., У.Б., А.Ж., Қ.М. әрекеттері ҚК-нің 196-бабы 3-бөлігі 1,2 тармақтарымен (көрінеу қылмыстық жолмен табылған мүлікті иемдену) сараланып, бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Айнұр САПАРОВА