Атырауда қайта жаңғыртылған Исатай-Махамбет алаңы салтанатты түрде ашылды, - деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Алаңның 50 мың шаршы метрі түбегейлі жаңартылған. Атап айтсақ, жаңа гранит тақтайшасының үстіне субұрқақ жүйесімен жабдықталған бірнеше сәулет композициясы орнатылды. Сонымен қатар, алаңның орта тұсындағы субұрқақпен жабдықталған көпбұрышты бассейін іргетасының ортасына орнатылған мәрмәр домбыра да ерекше көзге түседі. Биіктігі үш метрге жуықтайтын бұл домбыра Махамбет бабамыздың шығармашылығына тағзым ретінде қойылған екен. Ал, мұндағы тынығуға арналған сәндік шатырлар ұлттық нақышта әрленген. Бұдан бөлек, барлық ағаштар мен гүлзарлар қайта егіліп, оларды автоматты түрде суару құрылғылары жүргізілген. Алаң аумағы түгелдей жарықдиодты жарықшамдармен және энергия үнемдеуіш лампалармен жарықтандырылған. Бастысы - Исатай мен Махамбет ескерткіштері толықтай түзетілді.
Айта кетейік, алаңның ашылуына 10 мыңға жуық атыраулық жиналды.