Атыраулық кәсіпкерлер қаржылай қолдауда тартынып қалған жоқ

789

Атырау аймағындағы компаниялар мен кәсіпкерлер, сонымен қатар, жеке тұлғалар сын сағатта қолдан келген көмектерін аямауда.

Атыраулық кәсіпкерлер қаржылай қолдауда тартынып қалған жоқ

Атап айтсақ, "Теңізшевройл" ЖШС 1,3 млрд теңгеге аймақтағы медициналық қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған медициналық құрал-жабдықтарды сатып алды. Мұның ішінде бір рет қолданылатын қорғаныс костюмдері, медициналық маскалар, реанимация және тыныс алу құралдары, екі жедел жәрдем көлігі және басқа да дүниелер бар. Бұдан бөлек, дерт қаупі бар науқастарға арналған туберкулезге қарсы диспансерді да аталмыш компания бастан-аяқ жасақтағанына айта кетейік.

Ал облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының жансақтау бөліміне қосымша медициналық жабдықтар сатып алған "НКОК" компаниясы халықаралық  деңгейдегі алты  дәрігерді алдағы бірнеше ай ішінде жергілікті ауруханаларда медициналық көмек көрсетуге шақырып, алдырмақ ниетте.

Сондай-ақ,  "НефтеСтройСервис" ЖШС төтенше жағдай кезінде облыс тұрғындарын дәрі-дәрмек, азық-түліктермен қамтамасыз ету үшін 10 миллион теңге, Атырау облыстық фермерлер одағы 1 млн теңге қаражат бөлді. Бұл тек бізге белгілісі ғана, ортақ мүддеден ешкім де шет қалып отырған жоқ. Жергілікті тұрғындарды шет елдерден алдыру да кәсіпорындардың күшімен жүзеге асқанын айта кетуіміз керек.

Тағы бір оң тенденция, халық карантин кезінде үздіксіз жұмыс істеп жатқан медициналық, қызмет көрсету, БАҚ саласы өкілдерінің де еңбегін ескеріп, қолдау білдіруде. Бүгінде облыста коронавирусқа қарсы жұмыстарға  бес жүзден астам дәрігер жұмылдырылған. Қалада 25 жедел жәрдем бригадасы, үш дәрігерлер үздіксіз жұмыс істеуде. Ақ халатты абзал жандарға қолдау білдірген кәсіпкер Қанат Бопасов оларға тегін түскі ас жеткізсе, кәсіпкер Әлібек Семғалиев 62 орындық қонақ үйін карантиндік стационар жасау үшін тегін беріп отыр. Сонымен қатар, қала тұрғындары мен кәсіпкерлер өз күштерімен ақша жинап, журналистерге мыңға жуық маска тігіліп, елу литр санитайзер мен  елу дозатор сатып әперді.

"Бұлардың бәрі облыстық әкімдіктегі арнайы құрылған штабқа тапсырылды. Кез келген журналист сонда барып, қажетті заттарын алуына болады" – дейді "Petrocouncil.kz" сайтының негізін қалаушы Раушан Найзабаева.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу