Бұл туралы ВВС арнасына сілтеме жасап inbusiness.kz сайты хабарлайды.
Ауғанстанда 48 сағат интернеттің болмауынан бизнес пен рейстер тоқтаған, төтенше жағдайлар қызметтеріне қолжетімділік шектелген.
Интернеттің қайта қосылғанына қуанған жүздеген ауған ел астанасы Кабулдың көшелеріне шықты. Олар жаңа өмір бастағандай шат-шадыман болып жатыр.
– Барлығы ұялы телефонын ұстап, туған-туыстарымен сөйлесіп жатыр. Қуаныштымыз! Қазір қалада адам көп, – дейді тұрғын.
Негізінен, Талибан үкіметі интернеттің сөнуіне қатысты ресми түсініктеме бермеді. Бірақ, өткен айда Талибан губернаторының Солтүстік Балх провинциясындағы өкілі интернетке кіру "азғындықтың алдын алу үшін" бұғатталып жатқанын айтты.
Тұрғындар интернет сөнген кезде Кабулдың орталығында мүлгіген тыныштық орнағанын, банктер жабылып, сауда орталықтарының қаңырап қалғанын айтуда. Тіпті, ақша айырбастау нарығындағы барлық халықаралық аударым сап тыйылған.
– Бұл – кішігірім өлім. Даму жоқ, сөз бостандығы жоқ, балаңыздың болашағына деген сенімділік пен оқуының жемісін көретініне үміт жоқ, – деді ауғанстандық кәсіпкер.
Десе де, бүгін Ауғанстанда бірнеше телеарнаға шектеу қойылғанын жаздық.
Ал екі күн бұрын Ауғанстанда интернет толықтай өшкенін хабарлаған едік.