"Ауру-астан": балалар мектептен қашанғы аш келеді?

434

Соңғы уақытта елімізде мектеп асханаларының олқылықтары көбейді. 

 "Ауру-астан": балалар мектептен қашанғы аш келеді? Фото: Константин Шелков

Бүгінде балалар сабақ оқып, одан соң ұзартылған күнге де қалып жатады. Яғни, күнұзақ уақытын мектеп қабырғасында өткізеді. Олардың оқу орнында ауқаттануы үшін қыруар қаражат бөліне бастады. Алайда шәкірттерге тегін ұсынылатын ыстық тамақтың сапасы сын көтермей тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Павлодар облысы - осыдан үш жыл бұрын елімізде алғаш болып бастауыш сынып оқушыларын ыстық тегін тамақпен қамтыған аймақ. Бұл бағытта бюджеттен бөлінетін сома да жыл санап көбейіп келеді. Айталық, бұған дейін бір баланың тамақтануы үшін 315 теңге қарастырылып келсе, былтырдан бастап бұл сома 450 теңгеге дейін артты. Ал бұдан тамақтың сапасы жақсарды ма? 

Қазан айында бір емес, екі бірдей мектептің оқушыларынан асханаға қатысты шағым түскеніне қарағанда кейбір білім ордаларындағы тамақтану орындарындағы жағдай мәз емес сияқты. Алдымен облыс орталығындағы М.Әуезов атындағы орта мектепте бастауыш сынып шәкірттеріне ұсынылған бидай ботқасынан құрт шықты. Араға бірнеше күн ғана салып №39 мектептің оқушылары тарапынан тәтті тоқаштың ішінен ас дайындау кезінде киетін резеңке қолғаптың қиындылары табылды. Екі жағдай бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде М.Әуезов мектебінің директорына сөгіс жарияланды. Ал жалға алушы жеке кәсіпкерге айыппұл салынды. 

Мұндай жағдайлар көптеген ата-ананың ішіндегі "сырды" шығарды. Әлеуметтік желілердегі пікірлерге зер салсақ, олардың басым бөлігінің мектеп асханаларындағы тамаққа көңілі толмайтыны анық байқалады. Алайда осындай наразылықтарын ашық білдіруге жасқанады. Себебі оның соңы тамақ сапасының жақсаруына емес, оқушыларды "қудалауға" әкеп соғады. 

"Шыны керек, қазіргі күні мәселемізді ашық айтудан жасқанып қалдық. Сәуір айында екі балам оқитын мектептің асханасының жұмысына шағым білдіргенім сол еді мектеп ұжымының оларға деген көзқарасы өзгеріп шыға келеді. Бірақ әкімдіктен бөлінген қаражат есебінен тегін тамақтанатын балалардың кейін іші ауырып, асқазаны қорытпай қалатыны рас. Амал жоқ, қазіргі күні тамақты үйден салып беруге тура келеді. Асханадан ауқаттанбайды", - дейді Назира есімді ата-ана. 

Өзге де ата-аналар балаларының денсаулығына алаңдатынын білдірді. Павлодар қаласының тұрғыны Самал Ахметжанованың айтуынша, бастауыш сыныпта оқитын қызы ары кетсе шай ішіп, нан жеумен шектеледі. Себебі ыстық болуы керек тамақ суық күйінде беріледі. Оның үстіне дәмсіз көрінеді. 

"Ал жоғары сыныпта оқитын балам қоңырау кезінде жүрек жалғап алуы үшін күн сайын 500 теңге беремін. Бұл сома тіскебасар мен шайға ғана жетеді. Ол да ыстық тамақ алмайды. Дәмі ұнамауымен қатар, бағасы да қымбат. Сондықтан балам мектептен аш келеді", - дейді ол. 

Бұл ретте асханаларды жалға алатын кәсіпкерлердің де өз уәжі бар. Олардың сөзінше, мемлекеттен бөлінетін қаражат сапалы өнімдерді мол көлемде алуға жете бермейді. Бір баланы ыстық тамақпен қамту үшін 450 теңге қарастырылғанымен, қосымша құн салығы ұсталып қалып, кәсіпкерге тек 401 теңге түсетін көрінеді. Сол сияқты әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылардың балаларды тамақтандыруға 690 теңге бөлінсе, оның 74 теңгесі бірден салық ретінде ұсталып, 616 теңге ғана қолға тиеді. Азық-түлік күн сайын шарықтаған тұста мұндай сома жеткіліксіз, дейді жалға алушылар. 

Қос тарапынан да наразылық болғандықтан, мәслихат депутаттары мектеп асханаларын аралауды бастады. Олар мұндағы тамақтың сапасына мән бермек. Облыс басшылығы да жауапты сала өкілдеріне жалға алушылармен кездесу ұйымдастырып, мәселені қатаң бақылауды тапсырды. 

Айта кетейік, Павлодар облысында барлығы 54800 шәкірт тегін ыстық тамақпен қамтылған. Олардың қатарында бастауыш сыныпта оқитын 42 286 және табысы төмен отбасыларда тәрбиеленетін 12 514 бала бар. Былтыр оқушылардың мектеп қабырғасында ауқаттануы үшін 3,8 млрд теңге жұмсалса, биыл 4,3 млрд теңге қарастырылып отыр. Демек, жыл сайын қаржы көлемі ұлғайып келеді. Енді соған қарай сапасы да артса жақсы болар еді. Бұл – ата-аналар қауымының басты тілегі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу