Ауруханадан шыққан шайынды су көшеге ағып жатыр

505

Жамбыл облысында жұқпалы ауруханадан шыққан шайынды су далаға төгіліп жатыр. 

Ауруханадан шыққан шайынды су көшеге ағып жатыр Фото: halyq uni

Ол аздай кәріз құбыры әр жерден бір жарылып, сарқынды су бұлақ сықылды сыртқа атқылауда. Қолқаны қапқан иістен бөлек, тұрғындар түрлі ауру тарай ма деп қауіптенеді.  Ал  2 жыл бұрын дәл осы ауылда құбыр тазалаймын деп, маман бақилық болған-ды. 

Аса ауылындағы жұрт сасық судың сыртқа ағуына аң-таң болудан қалыпты. Маңайдағы мүңкіген иіске үйренген. Нәжіс суы көшені хауызға, ауланы дәретханаға айналдырып біткен. 

Жұрт орталық кәріз жүйесіне қосылғанына өкінеді. Өйткені сасық су ауылдың әр жерінен бір атқылайды. Күні кеше 5 жерден шайынды су бұлақша сыртқа аққан. Әлеумет әкімдік соңғы 3 жылда бүлінгенді жамаумен ғана келеді дейді. 

"Әкімшілікке бардық. Әкімшілік ЖКХ-ға жіберді. ЖКХ-ға бардық. ЖКХ "Аса-суға" барасыздар дейді. "Аса-су" -ға барсақ біз ештеңе істей алмаймыз, өздеріңіз бірдеңе қылып мынаны биіктетіңдер дейді", деді Аса ауылының тұрғыны Шарипа Қойкешова.

Қарашаны қорқытқан - сасық судың ауруханадан ағуы.  Түрлі ауру тарай ма деп қапалы. Ал кәріз суын тазалайтын мекеменің өзі сарқынды суды сорып алудан шаршапты. 

Ал ауыл әкімі  құбырды көктемде ауыстыруға мүмкіндік жоқ дейді. Өйткені 7-8 метр тереңдікте жатыр. Бітеліп, жарылуына себеп  құбырдың бүлінуі емес, тасталған қоқыстың көптігінен көреді. 

"Қайталанып тұратын нәрсе ғой. Біз бір айдан бергі себебін таппай жатырмыз. Ішінен шығып жатқан заттардың бәрін айту бізге ұят. Оның барлығы тұрғындардың, осы жерден түсіп жатқан тірлік қой", дейді Аса ауылының әкімі Бауыржан Қалшынбетов.

Кәріз жүйесі 10 жыл бұрын жүргізілген. Құбырын жөндеуге жергілікті билік енді кіріспек. 

"Басшылармен ақылдасып, бөлім басшыларымен ақылдасып, осы алдағы сессияда ақша қойылады. Конкурс ойнатылады. Сол кезде түбегейлі шешіледі. Оған дейін біз ары қарай апармаймыз,  жұмыс жасап жатырмыз", дейді "Аса-су"  КММ директоры Болысбек Оразов.

Ал сарқынды суды тазалайтын нысан 3 жыл бұрын істен шығыпты. Келер айда жөндеуі аяқталмақ екен. Ал оған дейін әкімдік ауруханадан шыққан шайындыны амал жоқ иен далаға төге тұрмақ. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу