Қызылорда облысындағы ауызсудың азабын тартып отырған Байкенже ауылы жайлы алдыңғы мақалада жазғанбыз. Мәселе айналып "Nur Otan" партиясының облыстық филиалында талқылауға түсті.
Жергілікті әкімдікке бірнеше мәрте шағымданған ауыл халқы судың құрамында уранның "уыты" бар деген еді. Бұған ауыл іргесіндегі уран өндірісі әсер етсе керек. Өйткені 700 метр тереңдікте химиялық элементті шайып, өңдеп жатқан өндірістің улы химикатты жер асты суымен шаюы мүмкін деген болжам күмәнға күдік жалғайды. Күрмеулі мәселені "Nur Otan" партиясының бақылау комиссиясы алдағы уақытта анықтайтын болады.
Алдымен су құрамына байланысты "БАЙКЕН-U" ЖШС бөлім басшысы Марат Санаубаев жауап берді. Ол судың құрамында ешқандай қоспалар жоқ екенін айтады.
"Экологиялық кодекске байланысты бізде бақылаушы скважиналар бар. Олардан квартал сайын сынама алып зерттеуге жіберіледі. Зерттеу бойынша ешқандай ауытқу жоқ. Су құрамында уран да, кислота да жоқ. Кеніш аумағында 2 скважина бар. №40-16 және №40-17 скважиналарынан суды технологиялық процеске, яғни душ, тұрмыстық, коммуналдық қажеттілікке алып қолданамыз. Сол скважиналардың суын жылына 2 рет бақылап, тексереміз. Оның сынамаларын қосымша аудандық, облыстық одан әрі республикалық СЭС-ке өткіздік. Барлығы да су ішуге жарамды деп қорытынды берді", – дейді "БАЙКЕН-U" ЖШС бөлім басшысы Марат Санаубаев.
Бірақ ауыл тұрғындары адам тұрмақ мал ішкісі келмейтін судың құрамында расында "бірнәрсе" бар дейді.
"Мына келіп тұрған су ескі ұңғымадан келеді. Әлден беті қаймақтанып тұр. Жануарлар ішкісі келмейтін судың құрамында расында "бірнәрсе" бар. Оны біз іше алмаймыз. Ішуге жарамсыз болғасын су фильтрін орнаттық. Ауыл іргесінен уран қазып, кислота жіберіп жатыр. Таза су жоқ. Өзіміз тасымалдап отырмыз", – дейді байкенжелік Балтабай Серкінбайұлы.
Нұрбек Дәуренбеков