Сеңкібайлық қараша ауылда мал бағудың маршрутын сызу ғана қалып тұр дейді. Өйткені елді мекен айналасы егістік даласы. Оның өзінде егесі өзге ауылда. Сондықтан жұрт қорадағы малды жаяр жер жоқ деп жыларман.
Шаруалар шенділер шикі тірлігімен тынысымызды тарылтып бітті дейді. Өйткені ауылдың негізгі кәсібі төрт түлік. Ал жайылым жердің жырымен аудан әкімінің есігін қараша талай рет қаққан. Енді президент пәрмені бізге қатысты болмағаны ма дейді?
Малын маңайға жая алмаған жұрт үшін шалғайдағы жайылымға бару тіптен мұң. Өйткені екі ортаны жаңа су арнасы бөліп тұр. Қас беті бетондалған, ені 3 метр арнадан мал емес, адамның жүруінің өзі қиын. Ал айналып өту үшін 4-5 шақырымды бағындыру қажет. Ендігі көптің сұрауы - көпір.
Су арнасына жауапты "Қазсушар" мекемесі болса, егістік үшін салынып жатқан канал құрылысы 3-ші жылға өтті дейді. Пандемия кезінде тұралап қалыпты. Жоба ішінде өткел салу жоспарда бар дейді.
Суару маусымына дейін канал құрылысы 80 пайызға бітуі тиіс. Сол мезетте көпір салынбақ. Ал жайылым бойынша Байзақ аудандық әкімдігі жер бұрыннан жекеменшікте дейді.
Айта кетейік, Байзақ ауданында қазір 18 ауылдқы округ бар десек, соның барлығында дерлік жайылым жер тапшылығы бар. Аудан атқамінерлері ауылдың арызына сай 1200 га жерді кері қайтару үшін келісім құжатын әзірлеп жатқан көрінеді.
Нұрлан Асқар