Былайша нысанның тек 40 пайызы қолдануға жарамды. Қалған бөлігінде не жарық, не жылу жоқ. Тіпті су жүйесі де тартылмаған. Әйтеуір жұрт жаттығады, бірақ жанайқайы көп.
Түрксіб ауылындағы спорт мектебіне табан тіресең, тоқырау заманға тап боласың. Салынғанына 50 жылға жуықтаған нысан 1 ғана жөндеуді көрген. Оның өзі төбеден су сорғалаған соң, шатыры ауысқан. Бірақ бұқара бұл бүлінгенді шала-пұла бүтіндеу дейді.
Нысанда жылу жүйесі атымен жоқ. Іштегі ұжым күн жылыса, қуанады. Ал қыс бойы көмір жағады. Биыл 40 тонна қара отынмен жан сақтапты. Ғимарат іші болса, сыз тартып тұр. Жаттығу залдары тастай.
300 бала жаттығатын нысанның ақауы мен жамауы көп. Іштен тамшы су табылмаған соң, мамандар қысы-жазы шелекпен сырттан су тасиды. Жаттығудан соң жуынар бөлменің түрі тіптен жұпыны.Қабырғасы қақырап,едені опырылған.
Былтыр қос өрен қираған залда жүріп-ақ Азия кубогында алтын еншілепті. Сондықтан жергілікті жұрт таланты бар, қолдауы жоқ балалардың спорт мектебі жөнделсе дейді. Одан қалды, мәдениет клубының да жоқ екенін айтады.
Ғимаратты әкімдік 2018 жылға дейін жалға алып келіпті. Жөндеудің кешігуіне бір себеп осы екен. Қазір нысан спорт басқармасының балансында. Енді жөндеуге қажетті сметалық құжат әзірлеуге Жамбыл аудандық әкімдігі қазынадан 6 млн 600 мың тг бөлген. Ай соңына дейін мердігері анықталмақ. Ал мәдениет ошағы қос ауылда бірер жылда салынбайтын секілді.
"Бесағаш ауылынан 180 орындық мәдениет үйін салу 2023-2030 жылдарға арналған перспективалы жобалардың тізіміне еніп отыр. Түрксіб елді мекенінің орталығы - Бесағаш ауылы. Сондықтан мәдениет ошағы алдымен Бесағаш ауылында бой көтереді", дейді Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі өкілдері.
Айта кетейік, күн ертең спорт мектебіне мердігер анықталса, жөндеуіне бас-аяғы 150 млн тг-ден астам қаржы кетеді деп жоспарлануда.