Ішкі істер вице-министрі Юрий Ильин ауылдық жерлерде де халық көшедегі қарды өз ақшасына техника жалдап шығаруға міндетті еместігін айтты.
"Үйінің ішін қоқыстан тазартқан сияқты, ауласын қардан әркім өзі тазартуы тиіс. Алайда тұрғындар трактор жалдап, үйінің жанындағы аумақты қардан тазартуға міндетті емес. Елдімекеннің ішін, көшелерді қардан тазарту жергілікті атқарушы органдардың жұмысы",- деп түсіндірді ол.
Вице-министр ауылдық жерде қар шығаратын техника жалдауға қаражатты қайдан алуға болатынын айтты.
"Тұрғындардан қар тазалауға қосымша қаржы жинау мәселесі болмауы тиіс. Бұл жергілікті атқарушы биліктің жауапкершілігіне жатады. Егер ауылда қаржы жетпесе, облыс әкімдігіне жүгінуге құқы бар. Ал облыс әкімдігінде қаржы болмаса, төтенше жағдай режимі басталған кезде Үкіметтен қосымша қаржыландыру сұрай алады", - деп түсіндірді Юрий Ильин.
Нұржан Көшкін