Қарағанды қаласында 27 наурызда "Хонда" көлігі жолдың қарсы жолағына өтіп кетіп, 118 бағытқа қатынайтын автобусқа соғылды. Полиция департаментінің мәліметінше, алдын ала болжам бойынша көлік жүргізушісі темір тұлпардың тізгініне ие бола алмай қалған.
Жол көлік оқиғасы салдарынан "Хонда" автокөлігінің жүргізушісі сол жерде қаза болды. 118-автобуста шамамен отыз шақты жолаушы болған. Олардың екеуіне сол жерде жедел жәрдем қызметі көмек көрсеткен, алайда олар ауруханаға барудан бас тартқан.
"Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345 бабы 3 тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Қарағанды облыстық Полиция департаменті көлік жүргізушілерге жол жүру ережелерін қатаң сақтап , жылдамдықты шектен тыс асырмауларын сұрайды",– деп мәлімдеді Полиция департаменті баспасөз қызметінің бастығы Бақытжан Құдияров.
Арайлым Еркебаева