Автосалоннан көлік алып, алданды

430

Сенім білдірген ірі компанияға алдандым. Toyota орталығынан көлік алған Атыраулық тұрғын осылай деп шағымданды.

Автосалоннан көлік алып, алданды Фото: Inbusiness.kz

Темір тұлпарының қызығын да көріп үлгермеген ол көліктің бұрынғы иесі утилизациялық алымды төлемегенін анықтапты. Енді не істерін білмей дал. Мәселенің мән жайын Inbusiness.kz  тілшісі үңіліп, заңгерлер кеңесін тыңдап келді.

Құрманғазы Қазбеков көлігін 2020 жылы сатып алған. 9 млн теңге тұратын "тойота 55" маркалы жүрілген темір тұлпарды таңдап, 10 пайыз алғашқы жарнасын салыпты. Әу баста 5 жылға несие рәсімдегенімен, қарызынан 1 айда құтылуға мүмкіндік туған. Кейін сатылымға шығарғанда, утилизациялық алымының төленбегенін біледі. Халықтың сенімінен шыққан компанияға алданғаным ба деп аң-таң.

"Кредитке банк беріп тұрғаннан кейін, алаяқтық болады деп кім ойлайды? Мен мысалы машина базарынан алғанда, онда өз обалым өзіме дер едім. Тойота орталықта ондай шикілік болады деп кім ойлайды? Дүниеге белгілі компания ғой, халықты алдап тұрғаннан кейін басқаға қалай сенесің? Құжаттарымды дұрыстап беруді талап етемін", - дейді қала тұрғыны Құрманғазы Қазбеков.

Су жаңа емес, қолданылған көліктің шикілігі барын білгесін, қыруар ақшаға қорғаушы жалдап, компанияны сотқа беріпті. Бірақ сот Тойота орталығының пайдасына шешілген. Енді кімнен көмек сұрарын білмейді. Утилизациялық алымның шын мәнінде бар-жоғын полиция департаментінен анықтамақ болдық. Бірақ көліктің алғашқы тіркеуі Алматы қаласында болғандықтан, облыстағы базада еш мәлімет жоқ.

"Утилизациялық алым төленбеген жағдайда мемлекеттік номер берілмейді. Бұл әрбір автокөлікке қойылатын талап. Біздің өзіміздің тиесілі ақпарат беретін базамыз ақпарат көрсетпей тұр. Себебі бірінші тіркеуге Алматы қаласынан қойылған. Мына азаматтан арызын қабылдап, құжат жағынан тексеріс жұмыстарын жасаймыз", - дейді Облыстық полиция департаментінің мемлекеттік автоинспекторы Тұржан Әзімов.

Тойота орталығының мамандары бұл мәселеге қатысты жазбаша жауап берді. Олар компанияның мұндай келеңсіздікке жол бермейтінін жазған. Құрманғазы Қазбеков сатып алған көліктің утилизациялық алымы төленбегенін білмегендерін айтады.

Toyota орталығы көліктің утилизациялық алымы төленбегенін сатып алғанда және сатқан кезде де білген жоқ. Заңға сәйкес бұл төлемді автокөлікті Қазақстан Республикасының шекарасынан кім өткізді, сол төлеуге міндетті. Компания бірнеше рет мемлекеттік органдарға ресми сұраныс жолдаған. Бірақ компания көліктің иесі емес деп, жауап бермеді.

Адвокат Айдос Ибраимов, көлік бұған дейін тойота орталығының атына тіркеліп тұрса, темір тұлпарды қазір сатуға кедергі болмау қажет дейді. Егер олай болған жағдайда, жауаптылардан сондай жазбаша анықтаманы алып, "азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы мен тойота компаниясын сотқа беру керектігін айтады.

"Автосалон ол көлікті өздеріне тіркеп отыр ғой, яғни ондағы құжаттардың бәрі сәйкес келеді деген сөз. Егер де автоцон тіркемей тұрса, олардың іс-әрекетіне шағым беру керек. Сот арқылы бұл дау шешіледі", - дейді адвокат Айдос Ибраимов.

Айдаладағы базардан емес, сенімді компаниядан темір тұлпар аламын деп сан соққан азаматтың енді сотқа қайта шағымданудан басқа амалы жоқ. Егер көліктің шын мәнінде утилизациялық алымы төленбеген болса, оны көліктің бұрынғы иесі, не болмаса компанияның өзі өтеуі қажет.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу