Аягөзде өрт кезінде балалар көз жұмған үйден полицейлер ақша ұрлаған

320

Ата-анасы көзі дұрыс көрмейтін баласының еміне деп жинаған 900 мың теңге ұрланып отыр. 

Аягөзде өрт кезінде балалар көз жұмған үйден полицейлер ақша ұрлаған Фото: inbusiness.kz

Абай облысының Аягөз ауданында төрт сәбидің өмірін жалмаған өртке қатысты тың деректер пайда болды, деп жазады inbusiness.kz.

Журналист Нұртай Лахан өзінің әлеуметтік парақшасында қайғыдан қара жамылған ата-ананың ұлының операциясына деп жинап отырған ақшасы ұрланғанын айтқан. Ал үйге ол кезде өрт сөндірушілер мен полиция қызметкерлерінен басқа ешкім кірмеген.

Сонымен қатар, қайтқан төрт баланың біреуінің көзі нашар көретін болған, соған операция жасату үшін әкесі 900 мың теңге жинап қойған, өкінішке қарай, өрт болған күні ақша да жоғалған.

"Арнұр мен Нұрасылдың арасы екі жас. Туыстарының айтуынша, отбасының екінші ұлы Нұрасылдың көзі дұрыс көрмейді. Бұған дейін екі рет ота жасатқан. Үшінші рет тағы бір ота жасату үшін әкесі там-тұмдап жинаған тиын тебені – 900 мың теңге. Оны қысқы күртешесінің төс қалтасында сақтаған. Өрт болған күні сол ақшаны ерлі-зайыптының неке сақинасымен қоса ұрлап кетіпті. "Үйге өрт сөндірушілер мен полициядан басқа ешкім кірген жоқ", - дейді Бауыржанның жақындары. Айтпақшы, үш баланы әкесі, кішкентай ұлды көршісі алып шыққан. Өрт сөндірушілер содан кейін ғана келген. Отағасының қолына алатын жалақысы 80 мың теңге ғана болған. Ресми биліктің "120 мың теңге" дегені де өтірік. 2019 жылы үш ай атаулы әлеуметтік көмек алған. Кейін бір сиырың бар екен деп қысқартқан. Онымен қоймай "егер қол қоймасаң үш айдың ақшасын өндіріп аламыз" деп қорқытып, "өз еркіммен бас тартамын" деп жаздырып алған, - деп біраз былықтың бетін ашты тілші.

Бұған қатысты облыстық Полиция департаменті ресми мәлімдеме жасап, ҚР ҚК 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді басталғанын айтты, деп жазады El.kz  ақпараттық агенттігі.

"Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде оқиғаның мән-жайларын және қылмыс жасаған адамдарды анықтау жөнінде кешенді шаралар қабылданатын болады. Жәбірленушінің ұрлық туралы мәлімдемегені анықталды. Сондай-ақ, жәбірленуші полиция мен өртке қарсы қызметкерлерінен күдіктенбейтінін түсіндірді, керісінше, оларға уақтылы көмек көрсеткені үшін алғысын білдірді", - делінген мәліметте.

Сонымен қатар, жергілікті билік бұл отбасына берілген әлеуметтік үйді де тартып алған. Ал қазір амалсыз туыстарын паналап жүр. Аудан әкімі қарашаның соңына дейін жалдамалы үй тауып беретінін, жиналған қаражатқа қаладан үй алып береміз деп уәде еткен.

"Осыдан екі жыл бұрын Аягөзден Шұбартауға шығатын тұсқа әлеуметтік үйлер салған еді. Содан үй беріпті. "Желтоқсанда үш күннің ішінде кір" деді. Кірдік. Күніне он екі шелек көмір жақтық. Терезенің астынан жел соғып, үй жылымады. Балалар ауыра бастады. Бір апта өткеннен кейін "көктемде үйді жөндеп бір-ақ кірейік. Ескі болса да бұрынғы үйімізге қыстайық" дедік. Әкімдік: "Болмайды. Олай болса үйден бас тартамыз деп қолхат жазып бер" деді. "Амалсыз жазып бердік", - дейді қаралы шаңырақ иелері. "Қаралы отбасы әзірге туыстарының үйін паналап жүр", - деп жазды Нұртай Лахан.

Ал сол күні балалардың анасы екі сиырдың сүтін сатуға кеткен. Сондағы күндік табысы 1500-2000 теңге екен. Анасы жоқта балалар сіріңке шағып, ол матрасқа тиіп тұтанған. Өкінішке қарай, төртеуі де үйдің ішін алып кеткен түтінге тұншығып өлген. Кішкентай Рамазанның емшектен шыққанына екі ай ғана болыпты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу