Азамат соғысы болмайды – Лукашенко

935

Жақын арада Беларусь басшысы Путинмен кездеседі.

Азамат соғысы болмайды – Лукашенко Фото: rbk.ru

Беларусь президенті Александр Лукашенко азамат соғысына жол бермейтінін мәлім етті.

"Егер де біз осылай бір-бірімізді ұрып-соғатын болсақ, не болатынын өздеріңіз білесіздер. Азамат соғысы болады. Уайымдамаңыздар, мен бұған жол бермеймін", – деді ол.

Бұған дейін Лукашенко Ресей президенті Владимир Путинмен жақын арада кездесетіні жарияланған еді. Кремль қос мемлекет ынтымақтастықты нығайтып, барлық бағыт бойынша серіктестікті кеңейтетінін мәлім етті. Путин қазір ресми Минскке АҚШ пен басқа еуропалық елдер саяси қысым жасап отырғанын алға тартып, осы орайда Ресей Одақтас мемлекет аясында өз міндеттемелерін орындайтынын тілге тиек етті.

9 тамызда Беларусьта өткен президент сайлауынан кейін елді жаппай ереуілдер шарпыды. Бас көтерулер әлі басылған жоқ. Еске сала кетсек, саяси тартыста қазіргі президент Александр Лукашенко дауыстың 80%-ын жинап, басым түскен еді. Ал оның басты қарсыласы Светлана Тихановская дауыстың 10,09%-ын жинады. 

Сайлаудан кейінгі ереуілдерде бастапқыда құқық қорғаушылар наразы топты тарқату үшін көзді жасаурататын газ, суатқыш, резеңке оқ қолданған. 6,7 мыңға жуық адам қамауға алынған. Тәртіпсіздіктер салдарынан жүздеген бейбіт тұрғын, 130 құқық қорғаушы жарақат алып,  3 адам қаза тапқан.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу