Азық түлік бағасын реттеу, субсидияны қысқарту, жер иелеріне шектеу

500

Бұқаны жалға алғандар, күркетауық өсірушілер енді субсидия алмайды. Жаңа жүйеге сәйкес мемлекет көмек беріп келген 10 бағыт қысқартылған. Осындай жаңалық айтқан Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері есесіне азық-түлік өндірушілерге арзандатылған несие бермекші. Ал мал бағып, егін егушінің бәріне ортақ мәселе  жерді бөлуге байланысты жаңа заң жобасы қабылдануға жақын екен. 

Азық түлік бағасын реттеу, субсидияны қысқарту, жер иелеріне шектеу Фото: 7kun.kz

"Мемлекет меншігіне қайтарып жатыр" деген дақпырт жеткен соң жер иелері түрен тимеген телімдерін игере бастапты. Министрлік өкілдерінің ақпараты осыған саяды. Шенеуніктер қайтарып алған жерлердің есебінен жайылым мәселесін шешеміз,- деп отыр. Ал, бұдан былай бір адамның миллиондаған гектарды иемденбеуі үшін заңға арнайы шектеу енгізбекші.

"Республика бойынша орта есеппен, табиғи-климаттық жағдайларға байланысты шаруа және фермер қожалықтары үшін ауыл шаруашылығы алқаптарының шекті (ең жоғары) мөлшері 35 мың гектар, заңды тұлғалар үшін  51 мың гектар мөлшерінде белгіленген. Бұл ретте осы норма енгізілгенге дейін берілген жерлер бойынша тиісті талдау жүргізіледі", дейді ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек. 

Осы өзгертулер қосылған құжат қазір Сенаттың қарауында жатыр. Жаңа заңды күтпестен жүзеге асырылып жатқан жұмыстар да аз емес. Ауыл шаруашылығы министрі соңғы 2 жылда Солтүстік Қазақстан облысындағы азық-түлік бағасын реттеу тәжірибесі туралы айтты. Жеңілдетілген несиенің арқасында нарыққа әсер ету әдісін 1 ақпаннан бастап республика деңгейінде жүзеге асырмақ.

"Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияға 4 пайыздан төменгі мөлшерде ақша алып республикалық бюджеттен. Сосын осы жобаларды қаржыландыруға 4 пайыздан ақша берілген. Ұзақ мерзімге. Ақшаның арзандылығы, сосын ұзақ мерзімге берілуі сүтті тауарлық фермерлер, ет бағытты, құс фабрикаларын да қаржыландыруға мүмкіндік берді. Осыны көбейтіп, Қазақстан бойына әрбір өңірге көбейтетін боламыз", деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев. 

Министр "тиімділігі дәлелденген соң осы бағытқа қаржы бөліп отырмыз" деді. Иә, тиімділікке көңіл бөлу маңызды. Әйтпесе миллиардтаған субсидия суға сіңгендей болып, сынға ұшырағаны белгілі. 

Осыларды ескере отырып, тиімділігі төмен және жемқорлық тәуекелі жоғары 10 бағытқа бөлінетін көмек тоқтатылды. Оның ішінде асыл тұқымды бұқалар мен қошқарларды жалға алушыларға, суда жүзетін құс етіне және күркетауық өсірушілерге берілетін субсидия да бар.

Мемлекеттен жеңілдік берілмегенімен, қорадағы түлікті өсірудің тоқтамасы анық. Ал сол малды емдейтін ветеринарлар әлі күнге тапшы екен.

"15 мың ветеринар бар бізде. Екпе жұмыстарын істейтін жергілікті әкімдіктердегі. Оларда 500 штаттық орындарына кісі алынбаған", деді ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Асқар Жақыпбаев. 

Министрлік өкілдерінің айтуынша, былтыр мал дәрігерлерінің жалақысы 50 пайызға өсіпті. Ал биылдан патогендігі 1 және 2 топтағы биоагенттермен жұмыс істейтін мамандарға 35 және 50 пайыздық үстеме тағы қосылмақ. 

Бақытнұр Әлібай 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу