Азық-түлік корпорациясы санаттан тыс бидайды сатуға көмектеседі

425

Элеваторлар дымқылдығы жоғары астыққа толы, кейінгілерін қабылдап жатқан жоқ.

Азық-түлік корпорациясы санаттан тыс бидайды сатуға көмектеседі Фото: Inbusiness.kz

Қостанай облысында шаруалар әлі егінін жинап бола алар емес. Жиған-тергенін кептіріп әлек. Кейбірі көгеріп, иістенген. Азық-түлік келісім шарт корпорациясы олардың сапасы төмен, санаттан тыс бидайын сатуға қолұшын созбақшы. Шет елдерден сатып алушылар іздестіріп, екі ортада делдалдық қызмет атқарады. Кредиттеріне 1 жылға прологангация жасалады, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Әдетте Тобыл өңірінің диқандары бұл уақытта бидайды қамбаға тасып, майлы дақылдарды жинауға кірісіп, сабан той тойлап жатушы еді. Ал, биыл той тойламақ түгілі егінін толық жинай алмай, еш кеткен еңбегін қалай ақтап аларын білмей дал. Батпаққа айналған егістікке қарашадағы түнгі қатқақты пайдаланып техника жібереміз бе деген үміт те ақталмады. Қоңыр күзде әлі күн жылы, әрі жауын-шашынды. Элеваторлар дымқылдығы жоғары астыққа толы, кейінгілерін қабылдап жатқан жоқ, дейді кәсіпорын басшысы.

"Біздің астық кептіргіш құрылғыларымыз қалада орналасқан. Сонда апарып тасимыз, оның шығыны гектарына 12-15 000 теңге. Санаттан тыс, көктеген бидайдың тоннасын 40-50 мың теңгеден қабылдайды. Ал, егістікте 2-3 күн жатып қалып, көгеріп, иістенген бидайды ешкім алмайды", - дейді Ауыл шаруашылығы кәсіпорынының басшысы Светлана Михайленко.

Диқандардың бас қолдаушысы азық-түлік корпорациясы жағдай тым ауыр екенін мойындап отыр. Осыған орай, сапалы бидайға жоғары баға бекіткен. Келісімшарт бойынша үшінші санатты бидай тапсыруы тиіс шаруаларға 4-ін әкелуге, не басқа майлы дақылмен ауыстыруға рұқсат етті.

Міндеттемелерін мүлдем орындай алмайтындарға 3 пайыздық үстемақымен 1 жылдан соң төлеуге рұқсат. Алайда, мұндай жеңілдік бәріне бірдей қаралмаған. Егіні сапасыз екені туралы комиссияның шешімі шыққанда ғана рұқсат етіледі. Сондай-ақ азық-түлік келісімшарт корпорациясы 4-5-ші санаттағы бидайды сатып алу жолдарын қарастырып жатыр. Мұнан бөлек санаттан тыс бидайды сатып алуға қаржылық емес қолдау да көрсетпекші.

"Бидайдың басым бөлігі санаттан тыс, оны шаруалар сата алмасы анық. Мұндай астықты өткізуге қолдау көрсету мақсатында Қытай, Ауғанстан, Иран, Өзбекстандағы әріптестерімізбен хабарластық. Алайда, сатып алушылар мұндай бидайды алғысы келмейді, көптеген талап қояды. Біз олардың талаптарына сай болу үшін жұмыс істейміз. Екі арада делдалдық міндет атқарамыз", - дейді Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы басқарма төрағасы Асылхан Жұбашев.

Шаруалар биыл аграрлық несие корпорациясынан 380 өтінім бойынша 17 млрд теңгенің кредитін ресімдеген. Бүгінде 21 өтінім иесі кредитін өтеу мерзімін 1 жылға ұзартуды сұрапты. Пролонгация алған шаруалар да алаңдаулы. Өйткені, несие өтей алмайтындардың қара тізіміне ілініп, келер жылы көктемгі жұмыстар үшін қажетті қаржыдан қағыламыз ба, деп отыр. Әзірге, олардың бұл сауалына нақты жауап жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу