Бағалы металдардың заңсыз тасымалына шектеу қойылмақ

578

Қазақстанның алтыны сыртқа заңсыз саудаланып жатыр. Енді ел үкіметі бағалы металдардың заңсыз тасымалына қатысты заңға түзету енгізбек.

Бағалы металдардың заңсыз тасымалына шектеу қойылмақ Фото: 7kun.kz

Бұған дейін Сенаттың бір топ депутаты ломбардтардың сұрауы жоқ бағалы металдарды шетелге өткізетінін айтып, мәселе көтерген. Олардың айтуынша, "экспорттың басым бөлігі Швейцарияға бағытталады".

Қаржы мониторингі агенттігі биыл елге импортталмақ болған жалпы сомасы 573 млн. теңгеге зергерлік бұйымдар тасымалының жолын кескен. Ал, Сенат депутаттары керісінше "ломбардтардың меншігіне өткен бағалы металдар заңсыз шетел асып жатыр, оған заңмен шектеу қою,- керек дейді. Депутаттардың сауалына жауап берген Үкімет басшысы бағалы зергерлік бұйымдар тасымалына тосқауыл болатын заң нормалары қатаңдайды,- деді.

"Бүгінгі таңда ломбардтардың зергерлік бұйымдарды, әсіресе қолданылған және сауда-саттықтан кейін өткізілмеген бұйымдарды экспорттауын болдырмау мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "Бағалы металдар мен асыл тастар туралы" заңға өткізілмеген бағалы металдардың құймаларын Ұлттық банктің активтеріне есепке жатқызу бойынша түзету енгізуді жоспарлап отыр", деді ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов. 

Елімізде 2 мыңнан астам ұйым зергерлік бұйымдарды өткізумен айналысады. Олардың көпшілігі шағын бизнес нысандары. "Қазақстанның ұлттық ломбардтар лигасы" қауымдастығының өкілдері зергерлік бұйымдарды қайталама шикізат ретінде тек "Тау-Кен Алтын" аффинаж зауытына өткізуде кедергілер барын айтады. Ондағы мәселе шағын ломбардтар зауыт қабылдайтындай шекті көлемді жинай алмайды. 

"Біз әзірге заңның құрылымы дайын болмағандықтан, ломбардтарға қалай әсер ететінін болжай алмай отырмыз. Көпшілік ломбардтарға алтынды сырттан сатып алу тиімсіз. Сондықтан бұл жағынан мәселе жоқ. Ал сауданың кепілдік қаржысын бір зауытқа салу монополия тудыруы да мүмкін деген де пікір бар", дейді "Қазақстанның ұлттық ломбардтар лигасы" қауымдастығының төрағасы Роберт Абазалилов. 

Ал, экономистер қабылданғалы жатқан заң алтын бұйымдарының көлеңкелі айналымын азайтады,- дейді. Әрі, зергерлік бұйымдарды қолдан жасайтындарға да шектеу қояды. Осылайша өзімізде өндірілген қазба байлық, отандық шеберханалардан зергерлік бұйымдарға айналып, сауда сөрілеріне шыға бастамақ.

"Негізі металлдардың барлығын реттеу мәселесін түгелдей қарау керекпіз деп ойлаймын. Мұнда да белгілі бір дәрежеде көлеңкелі нарық болып отыр. Қазақстаннан өте көп көлемде қаражаттардың ағылуы байқалады. Бұл процесстерді реттемесек өзіміздің бюджетке келетін қосымша табыстан қағыламыз", дейді Экономист Мақсат Халық.

Енді Қазақстан мен Швейцария Конфедерациясының Федералдық Кеңесі арасындағы таңбаны өзара тану жөніндегі келісім арқылы көлеңкелі жолмен шетелге асып немесе елге келіп жатқан зергерлік бұйымдар бақылауда болады. Заң қабылданса, бағалы бұйымдарды заңсыз саудалау мүлде тоқтайды. Бұл бастама нарықтың басым бөлігін - шетелдік бағалы бұйымдарды шеттетіп, ішкі өндірісті артыруға сеп болады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу